Қазақстан чемпионатындағы қақтығыс: 30 адам полиция басқармасына жеткізілді

Қазақстан чемпионатындағы қақтығыс: 30 адам полиция басқармасына жеткізілді

Атырауда кеше кешкі сағат алты шамасында «Атырау» және «Ақтөбе» командаларының жанкүйерлері арасында қақтығыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға қаладағы «Мұнайшы» стадионының алдында болған. Полиция қызметкерлері қоғамдық орында тәртіп бұзған 30 адамды қалалық полиция басқармасына жеткізіпті. Тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр. Полиция департаментінің мәліметінше, ешқандай қару қолданылмаған. Жанкүйерлердің қолында түтін шығаратын түрлі заттар мен петардалар болыпты. Қақтығыстан жарақат алғандар жоқ.

Ал матчтың өзі 2:0 есебмен аяқталды. Қос гол да соңғы минуттарда тіркелді. Алдымен «Атырау» сапындағы Равиль Ибрагимов өз қапасына доп соғып алды. Артынша, яғни қосымша уақытта «Ақтөбе» ойыншысы Виталий Балашов мүмкіндігін мүлт жібермей, таблодағы нәтижені еселеді. Бұған қоса дөрекі әрекеті үшін «Ақтөбе» қорғаушысы Ескендір Қыбырай қызыл қағыз алып, алаңнан қуылды.

Бұдан бөлек, 14-тур аясында тағы 6 матч өтті. Ең тартысты ойын Шымкентте болды. Жергілікті «Ордабасы» өз алаңында «Таразды» қабылдап, 3:2 есебімен басым түсті. Бірінші кезең қорытындысы бойынша 3:0 есебімен «Ордабасы» алға шыққан. Қонақтарда таразы басын теңестірер мүмкіндік болды. Бірақ Әлішер Сүлей 11 метрлік айып добын орындай алмады. Сәйкесінше, «Тараз» турнир тізімінің көш басына шығу мүмкіндігінен айырылды. Қазір тізімді «Астана» бастап тұр. Елордалық клуб өз алаңында «Ақсуды» қабылдап, 5:0 есбімен ұтты. «Астана» сапынан Абат Айымбетов, Марин Томасов, Раи Влут, Станислав Басманов және Юрий Перцух гол соқты. Осылайша «Астана» бірінші, «Каспий» екінші сатыға жайғасты және араларын бір ұпай ғана бөліп тұр. Оларды өкшелеп «Тараз», «Тобыл» және «Ақтөбе» келе жатыр. Мұнда да ұпай айырмасы айтарлықтай үлкен емес.  

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ТУРНИР

Дәл осындай атаумен елордада арнайы жарыс өтті. Оған әртүрлі саладағы мамандар, оның ішінде отандық спорттың басы-қасында жүргендер белсенді қатысты. Бас-аяғы 8 бағытта өзара мықтыны анықтады. Оның ішінде футбол мен волейбол сияқты командалық және жүзу, теннис, шахмат сынды жекелей сындар бар. Сонымен қатар жарыс бағдарламасында арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар қосылған. Құзырлы министрлік осындай шаралар арқылы бұқаралық спорттың дамуына серпін әкелсек дейді. Осы мақсатта оны жыл сайын тұрақты ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта қатысушылар саны мен жарыс ауқымын кеңейтуге басымдық бермек.