Барынша салмақты ойнауға тырыстым – Рыбакина

585 млн тг. Елена Рыбакина Уимболдан турниріндегі жетістігі үшін осынша сыйақы алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Финалға шыққан теннисшілерге 1 млн 50 мың фунттан қарастырылған. Егер соңғы сында да жеңіске жетсе сыйақы көлемі еселене түседі. Қазақстандық спортшы табысын 1 миллиард теңгеден асыра алады.

Айта кетейік, жылдың басты бәсекесі қазір Ұлыбританияда өтіп жатыр. Жерлесіміз жартылай финалда румяниялық Симона Халепті айқын басымдықпен ұтты. Соның арқасында өзінің кәсіпқой мансабында алғаш рет және жалпы қазақстандық теннисшілер арасынан бірінші болып Уимболдон турнирінің финалына шықты. Енді Рыбакина тунистік Онс Жабермен жолығады. Шешуші матч ертең өтеді. Ал, Лондондағы турнирдің жалпы қорытындысы 10 шілдеде белгілі болады. Жарыстың жүлде қоры 40 млн 350 мың фунтты құрайды.

Елена Рыбакина, теннисші:

- Барынша салмақты ойнауға тырыстым. Матч барысында өзіме деген сенім арта түсті. Бұған дейінгі кездесулерде қателікті көп жіберетінмін. Эмоцияға берілетін тұстарым болды. Бұл жолы соның барлығын ескеріп, қарсыласты ұтуға барымды салдым. Нәтижеге көңілім толады. Енді финалға дайындалам. 

ГОЛОВКИН-АЛЬВАРЕС КЕЗДЕСУІНЕ ДАЙЫНДЫҚ

Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек 18 қыркүйек күні елорда уақытымен таңғы 9:00-де басталады. Бокс жанкүйерлері тағатсыздана күтіп жүрген кездесудің қашан өтетіні белгілі болды. Тікелей трансляция DAZN стриминг сервисі арқылы таратылады. Бірақ Қазақстан аумағында көрсетілуі туралы әзірге ақпарат жоқ. 

Айта кетейік, қазақстандық және мексикалық боксшы осымен үшінші рет жолыққалы отыр. Бірінші жекпе-жек тең нәтижемен аяқталса, екіншісінде «Канело» жеңіске жетті. Енді бұл жолы олар Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да кездесіп, орта салмақтағы WBA, WBC, WBO және IBF чемпиондық белбеулерін сарапқа салады. Бұған қоса, қос боксшы кемі 80 млн доллар көлемінде табыс табады. Бірер апта бұрын жекпе-жек кешінің билеттері сатылымға шықты және Головкин мен Альварес бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, көз арбасып үлгерді.

ТӨРЕШІНІ БАЛАҒАТТАП, ОЙЫННАН ШЕТТЕТІЛДІ

Исламбек Қуат төрешіні балағаттағаны үшін 4 ойыннан шеттетілді. Келеңсіз жағдай біріші лига аясындағы «Астана-М» және «Тараз-Қаратау» командалары кездесуінде болды. Елордалық клубта өнер көрсететін Исламбек матч барысында төрешіні бейәдеп сөзддердің астына алды. Бұл жағдай Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитетінің отырысында қаралып, Исламбекті бірнеше ойыннан шеттету туралы шешім қабылданды. Бұған қоса, «Астана» командасына футболшыларының әрекеті үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, Исламбек Қуат ұлттық құрамада да өнер көрсетеді. Тіпті, соңғы матчтарда капитан рөлін атқарды. Осы кездесулер нәтижесінде Қазақстан Ұлттар лигасы аясында сенсациялық жетістікке жетіп, қазір өз тобының бірінші сатысында тұр.