Абай облысында Амангелді Сейітханды еске алу турнирі өтті

Абай облысында Амангелді Сейітханды еске алу турнирі өтті

Мақаншыда осы ауылдың тумасы қазақ спорт журналистикасының жүйрігі, Ақпарат саласының үздігі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Аманкелді Сейітхановты еске түсіруге арналған шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жеңісті күндерде жолыққанша» деп артына сөз қалдырған аға есімін ұлықтауды мақсат тұттық дейді ұйымдастырушылар. Ала доп бәсекесіне 20 команда қатысты.

Аманкелді Сейітханов та ауыл жастары секілді мектеп командасында доп теуіп өмірінің соңына дейін БАҚ өкілдері арасындағы турнирлерге белсене қатысқан еді. Турнир соңында жеңімпаздар Сейітханов атындағы кубок және медальдармен марапатталды.

Азаматын ардақтаған ауыл белсенділері шағын футболдан бөлек, қазақ және еркін күрестен турнир өткізді. Бастамаға ауылдың 1992 жылғы түлектері ұйытқы болған.

Қайрат Хамитұлы, жарысты ұйымдастырушы:

- Амангелді ағамыздың есімін мәңгілік қалдыру үшін жыл сайын осындай турнир өтіп тұрса дейміз. Өзіміздің туған ауылымыздан бір көшенің атын берсе дейміз. Сол кісінің атын өшірмесек деп ойлаймыз. Сол мақсатта өтіп тұрған турнир ғой бұл.