Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінді

Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінді

Қазақстан қоржынында 47 медаль. Байрақты бәсекені биыл Өзбекстан астанасы Ташкент қабылдаған еді. Оған 21 елден 300-ден аса қатысушы жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Араларынан ұлттық құрама мүшелері 47 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Оның ішінде 10 алтын медаль бар. Ал елордалық Едіге Емберді серпе көтеруде 173 келіні басынан асырып, Азия рекордын жаңартты. Бұған қоса, ауыр салмақтағы Никита Абдрахманов пен орта салмақтағы Әлішер Байбұров та қарсылас шақ кетірмеді. Қыздар арасында Динара Қыпшақбай, Екатерина Алякина және Дарья Балабаюктар жақсы нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша 17 жасқа дейінгілер арасындағы жалпы есепте ұлттық құрама үшінші орынға тұрақтады. Жеке рейтингте ұлдар бірінші, қыздар сегізінші сатыда. Ал 20 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан он бірінші орынға жайғасты.

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ЕЛОРДАДА ӨТЕДІ

Азия үздіктері елордада бас қосады. Бірер күннен кейін Нұр-Сұлтан қаласында дзюдодан құрлықтық дода басталады. Оған 30 елден 400-ге жуық спортшы қатысады. Араларында олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарып жүргендер бар. Өйткені елордадағы жарыс рейтингілік санатқа жатады. Яғни жеңімпаздар 700, ал күміс пен қола алғандар, сәйкесінше 490 және 350 ұпайдан алып, әлемдік тізімдегі жағдайын жақсарта алады. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасындағы негізгі және қосалқы спортшылар аралас қатысады. Қазір олар Ақмола облысында соңғы дайындықты пысықтап жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда бұған дейін ересектер және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары өтті. Бұған қоса, Азия дзюдо одағының күнтізбесіне сәйкес жыл сайын Азия кубогі де ұйымдастырылады.Енді биыл Азия чемпионатын қабылдау құрметі бұйырды. Байрақты бәсеке 4-7 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жеке сарайында болады.  

«АҚТӨБЕ» КЛУБЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ДАУЫ

48 миллион теңге. «Ақтөбе» футобл клубы өзінің бұрынғы бапкері Владимир Мухановқа осынша өтемақы төлейді. Тараптар арасында еңбек дауы пайда болып, оны ФИФА-ның арнайы палатасы қарады. Нәтижесінде ресейлік маманның шағымы дұрыс деп танылып, 100 мың еуро көлемінде өтемақы алатын болды. Бұл қазіргі валюта бағамымен 48 181 000 теңге.

Айта кетейік, Владимир Муханов келісімшарт бойынша клубта жыл соңына дейін жұмыс істеуі керек еді. Бірақ 27 сәуір күні қызметінен алынды. Оған ел чемпионаты аясында Ақтөбенің Тараздан 3:0 есебмен жеңілгені түрткі болды. «Ақтөбе» футбол клубында ФИФА-ның шешіміне қатысты шағым түсіре алады. Ол үшін он күн уақыты бар.

Еске сала кетейік, «Ақтөбе» қазір ел чемпионатының үздігі саналады. Яғни 15 матчтан кейін 29 ұпай жинап, турнир тізімінің бірінші сатысында тұр.