Жетісу облысында ауыл балалары көңілі қалаған спортпен шұғылданатын болады

Жетісу облысындағы алты ауылдың балалары енді көңілі қалаған спортпен шұғылдана алады.

Ақсу ауданының Ақсу ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды. Демеушілердің көмегімен салынған нысан облыстық спорт басқармасының меншігіне берілді. Енді жасөспірімдерді арнайы мамандар жаттықтыратын болады. 

Спорт кешені ашылғанға дейін Ақсу ауылында еркін күрес үйірмесі ғана жұмыс істеген. Оның өзі мектепте өтетін. Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен Сырым Асамұрат сияқты жас балуандар үлкен залда жаттығып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. 

Сырым Асамұрат, жас палуан:

- Бұрыңғы мектептегі залымыз кішкентай болатын. Біз физика жағынан дайындала алмайтынбыз. Ауыр темірлерді өзіміз апаратынбыз. Қазір бәрі бар мұнда. Осы игілікті пайдаланып біз Қазақстанды қоймай, Азия біріншіліктерін ұтуға тырысамыз.

Бір мезетте 200-ге жуық бала сиятын спорт кешеніне Ақсу, Қазақстан, Бәйтерек, Шолақөзек, Көкжайдақ және Өнім ауылындағы жасөспірімдер келеді. Олар білікті мамандардың қарамағында бокс, күрес, үстел теннисі және командалық ойындарға қатысып өзара жаттығу жасай алады.

Жаркент Барманбеков, спорт ардагері: 

- Жастар үшін өте қуанам. Өйткені бала кезімізде мұндай болған жоқ. Біз далада тренер де жоқ өзімізді өзіміз дайындадық. Содан спорттан бірталай жоғарыға көтерілдік. Мұндай спорт зал деген бірінші рет болып отыр. Жаттықтырушылары бар бәрі дайындайды. Өздері шаршамай жаттықса одан артық бақыт бар ма? Спортпен шұғылданған азаматтар өте жақсы азамат болады. Көпшіл болады ортаға сыйымды болады. 

Асхат Сауғанбаев, аудандық бұқаралық спорттық іс шаралар орталығының директоры:

- Халықтың спортпен айналысуы аудан бойынша қазіргі көрсеткішіміз 36,2. Осы кешеннің ашылуына байланысты 38-ге жеткіземіз. Аудан орталығында тағы бір спорт кешені салынған. Оны да жақын күндері салтанатты ашылуы болады. Соған байланысты 40-тан асамыз деген үміт бар.

Жетісу облысында бес дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр. Ал 2025 жылға дейін тағы бесеуін ел игілігіне беріп, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау көзделген.

- Саналы ұрпақ тәрбиелеп өсіру сенің дағы менің дағы міндетім.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов