Түркістанда әлем чемпионатында озған спортшылар құрметке бөленді

Түркістанда әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді.

Таяуда Армения астанасы Ереванда жауынгерлік самбо күресінен және Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында түркістандық өрендер топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жауынгерлік самбо күресі өңірде қалай дамып келеді? Кімдер жүлдегер атанды?

Түркістандық Ұлболсын Әділова мен Дінмұхаммед Ергешбаев жақында ғана Арменияның астанасы Ереванда самбо күресінен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Дінмұхаммед бала кезінен самбо күресімен айналысқан. Тек өткен жылдан бастап жауынгерлік самбомен шұғылданады. Осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы. Ал Ұлбосын самбодан жасөспірімдер арасында Қазақстан мен Азия чемпионы. 

Ұлбосын Әділова, самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Барлық елдің палуан қыздары жақсы дайындалып келген. Біздің қазақтың ұл-қыздары олардан осал емес. Мықты дайындалған. Алдағы жоспар қазақстан чемпионаты болады. Соған жақсылап дайындалып, чемпион болып, кейін Азия, Әлемдік деңгейде чемпион боламын деген ниеттемін. 

Дінмұхаммед Ергешбаев, жауынгерлік самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Бұл жерде күрес жағы басым түседі. Бұрыннан самбомен айналысып келе жатқандар жеңеді. Соққы жағынан қатты уайым жоқ. Бұл жастар арасында жауынгерлік самбодан алғаш өтіп жатқан әлем чемпионаты. Мен қазір ерексектер арасына өттім. Физикалық тұрғыдан кішкене күш қосып, алдағы Қазақстан чемпионатын ұтып, Азия, Әлем чемпионы болу.

Ал Мөлдір Бейсенбаева Ұлбосынды соңғы 2 жылдан бері жаттықтырады. Өзі де осал емес. Самбо күресінен 44 салмақ дәрежесі бойынша Қазақстанның 7, Азияның 5 дүркін чемпионы. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Спарт шебері деген атағы тағы бар. Қазір Түркістандағы Әбдісалам Нұрмаханов атындағы спорт мектебінде жаттықтырушы. Шәкіртінен үлкен үміт күтетінін айтады. 

Мөлдір Бейсенбаева, жаттықтырушы:

- Былай бақылап қараймын, өзіме қатты құсайды. Мінезі, қатты сөйлемеуге тырысамын. Әдістерді жасаған кезде де бақылап, негізгі әдісі - жамбас әдісі. Шәкіртімнен алдағы уақытта жақсы жетістіктер күтемін. 

Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы осыдан 3 жыл бұрын құрылды. Содан бері спортшылар тынбай жаттығып, шеберліктерін шыңдады. Бүгін Түркістан облысы жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті Әбілсейіт Дүйсебаев әлем чемпионатынан жүлдемен оралған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, құрмет көрсетті. 

Әбілсейіт Дүйсебаев, облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті:

- Түркістан облыс болып құрылғалы бері қоржынымызға түсіп отырған ең алқашқы жүлде деп айтсақ болады. Өткені, Анатолий Харлампиевтің шығарған жауынгерлік өнер түрі болғанан кейін сол елдің спортшылары жан-тәнімен беріліп, жүлделі орындардың бәрін өздері алатын. Біздің спортшыларымыз биыл осындай үлкен жеңіспен келіп отыр. Бұл біздің Түркістанның тарихына жазылатын жеңіс деп айтсақ болады.

Қазір өңірде Олимпиадалық емес спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Ұлболсын мен Дінмұхаммедтен бөлек, Нұрхан Жамалхан мен Нурила Асанқызы да Арменияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ал Бекнұр Қуандық Астанада белбеу күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Мадина Аман Болгарияның София қаласында жастар арасында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Қазір аталған спорт түрлерімен облыста 3 мыңнан астам спортшы шұғылданады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш