Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Милад пен Нариман финалға шықты. Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан Әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жекелей сында қос қазақстандық спортшы сәтті өнер көрсетіп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Яғни, Милад Карими еркін жаттығуда 3-орынды иеленсе, кейін  Нариман Құрбанов та ат снарядында үздік үштікті түйіндеді. Шешуші сындар 5 қарашада өтеді. Өзге спорт жаңалықтары алдағы топтамада.

Көптен күткен жеңіс. Құрлықтық Лигада өнер көрсететін «Барыс» бұған дейін қатарынан 5 матч есе жіберген болатын. Андрей Скабелка баптайтын жігіттер бұл жолы өз алаңында «Сібір» хоккей клубын қабылдап, айқын басымдықпен ұтты. Астаналық команда ә дегеннен белсенді ойнап, 9-шы минутта есеп ашты. Гол авторы - Джереми Бракко. Қонақтар екінші кезеңде таразы басын теңестірді. Ал, үшінші кезеңде алдымен Линден Вей, артынша Кирилл Савицкий мергендігімен көзге түсіп, қорытынды есепті 3:1-ге жеткізді. Осының арқасында елордалық клуб турнир тізіміндегі жағдайын сәл жақсартты. Қазір ол Шығыс конфеденциясының 7-сатысында тұр. Бірақ одан кейін орналасқан Трактор, Ақбарыс және Амур клубарының да ұпай көрсеткіштері шамалас. «Барыс»  кезекті кездесуін ертең тағы да өз алаңында өткізеді. бұл жолы Владивосток қаласының Адмирал командасымен ойнайды.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Әлем чемпиондары елге оралды. Қазақстандық паракаратэ шеберлері дүниежүзідік додада топ жарды. Байрақты бәсеке Италияның Бергамо қаласында өткен болатын. Оған бас-аяғы 16 мемлекеттің құрамалары қатысты. Нәтижесінде, каратэнің ката түрі бойынша көру қабілеті зақымданған спортшылар санатында жерлесіміз Ләззат Жүсіпова алдына жан салмады. Ал, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар санатында тағы бір жерлесіміз Дидар Мұхамеджанов әлем чемпионы атанды. Оларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Мейрамгүл Дүкеева баптайтын спортшылар енді сәл тынығып, қайтадан кешенді жаттығуға кіріседі. Өйткені, дәл осы каратэшілер және ұлттық құраманың өзге де үздіктері Ташкентте өтетін Азия чемпионатында өнер көрсетеді. Құрлықтық додада тура бір айдан кейін, яғни, желтоқсанның ортасына қарай болады.

55 КҮНДЕ 5555 ШАҚЫРЫМДЫ БАҒЫНДЫРДЫ

55 күнде 5555 шақырымды бағындырды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық велошеру мәресіне жетті. Оның авторы Ернат Мелсұлы бүгінге дейін Қазақстан, Грузия және Түркия жерлерін басып өтіп, Стамбұл қаласына табан тіреген болатын. Әуесқой велошабандоз күні кеше елге оралды. Оны Түркістан әуежайынан достары мен жанкүйерлері күтіп алды. Ернат алдағы жылдары да велосапарын жалағастырмақ. 2023 жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай Ақтоғай ауылынан шығып, баһадүр бабамыз  жатқан Сирияға дейін жүріп өтпек. Ал, 2024 жылы Париж олимпиадасының қарсаңында отандық спортшыларға қолдау таныту мақсатында Францияның астанасына дейінгі аралықты екі дөңгелекті серігімен бағындырам дейді. Дәл осы сапарынан ағлан әсерін енді әлеуметтік желілерде жариялап, бірқатар сұхбат пен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.