IBA рейтингінде Қазақстан бірінші орынға шықты
Қазақстан бірінші орында. Халықаралық бокс қауымдастығы жылды қорытындылап, әлемдік рейтингті жаңартты.
Оған сәйкес ұлттық құрама жалпы есепте бірінші орынға көтерілді. Қайрат Сәтжанов баптайтын жігіттер еншісінде 48 100 ұпай бар. Екінші орынға Өбекстан құрамасы жайғасты және қос команда арасындағы айырмашылық айтырлықтай үлкен. Көрші елдің жігіттері 37 600 ұпай ғана жинады. Үздік үштікті Үндістан түйіндеп тұр. IBA рейтингіне бас-аяғы 135 елдің боксшылары енгізілген. Ал, ондағы ұпай құрлықтық және әлемдік чемпионаттардағы жетістіктірмен есептеледі. Айта кетейік, Иорданияла өткен соңғы Азия чемпионатында жерлестеріміз 3 алтын жеңіп алған болатын. Халықаралық бокс қауымдастығы сайтында, әсіресе, Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қонкабаев, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов Сағындық Тоғамбай, Нұрлан Сапарбай және ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлардың есімі ерекше аталып өткен.
"Барыс" "Металлург" командасын ұтты
Жыл жарқын жеңіспен басталды. Астаналық «Барыс» күні кеше Магитогорск қаласының «Металлург» командасын ұтты. Құрлықтық лига аясындағы матч елордада өтті. Айта кетейік, «Металлург» қазір турнир тізімінің алдыңғы қатарында тұр және «Барыс» үшін азулы қарсылас саналады. Бұл жолғы кездесуде де қонақтар ә дегеннен басымдықты өз қолдарына алып, бірінші кезеңде қос шайба соғып үлгерді. Алаң иелері тек 2-ші кезең ортасына қарай естерін жиып, алдымен Тамерлан Гайтамиров, одан кейін Дмитрий Шевченко мергендігімен көзге түсті. Айта кету керек, 22 жастағы Тамерлан құрлықтық лигада алғаш рет голдың авторы атанып отыр. Ал, үшінші кезеңде «Барыс» сапындағы Александр Борисевич мүмкіндігін сәтті пайдаланып, өз командасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп: 3:2. Андрей Скабелка баптайтын жігіттер үшін бұл жеңістің маңызы зор. Осының арқасында елордылық клуб 46 ұпай жинап, турнир тізіміндегі 8-ші орнын сақтап қалды. «Барыс» келесі кездесуін сырт алаңда өткізеді. Яғни, Хабаровск қаласының «Амур" хоккей клубымен жолығады. «Амур» қазір жалпы тізімде 10-шы тұр және «Барыстың» басты бәсекелестерінің бірі саналадаы. Қос команда арасындағы матч 5-ші қаңтарда болады.
Әр елде Пеле атындағы стадион болады
Әр елде кемі бір стадионға Пеленің есімі берілуі керек. Халықаралық футбол федерациясының президенті Джанни Инфантино осындай ұсыныс айтты. «Болашақ ұрпақ Пеленің футбол әлемі үшін маңызы зор тұлға екенін біліп өсуі керек” - деді Инфантино даңқты футболшыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде. Қоштасу шарасы Бразилиядағы Сантос футбол клубының стадионында болды. Оған 230 мыңға жуық адам жиналып, кезектің ұзындығы бірнеше шақырымғак созылды. Бұған дейін ФИФА 211 ұлттық федерацияға осы аптаның ішінде өтетін барлық матчты бір минуттық үнсіздікпен бастауды сұраған болатын. Еске салайық, әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Эдсон Арантис ду Насименту немесе көпшілікке Пеле есімімен танымал даңқты футболшы 29 желтоқсан күні 82 жасында өмірден өтті.
Джанни Инфантино, халықаралық футбол федерациясының президенті:
- Барлық мемлекетті кемі бір стадионға Пеленің есімін беруге шақырамыз. Бұл өте маңызды нәрсе. Өйткені өскелең толқын оның есімін ұмытпау керек. Мейлі 20, 50 не 100 жыл өтсін, Пеле сияқты тұлғаның есімі үнемі жадымызда тұруы қажет. Сондықтан бүкіл әлем болып осы бастаманы жүзеге асырайық.