«Tartyl Fest» сайысына Оралдан 9 спортшы қатысады

Алдағы демалыс күндері астанада Tartyl Fest атты белтемірге тартылудан  республикалық турнирдің гранд-финалы өтеді. Аталған шараға еліміздің 20 қаласынан 170 үздік спортшы қатысады. Ақтық сайыста Орал қаласының 9 спортшысы бақ сынап көрмек. Солардың бірі Юрий Кичатов қазір қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Юрий Кичатовтың жасы 38-де. Бірақ белтемірді бағындыру жағынан өзінен әлдеқайда жас спортшылардың өзін жолда қалдырады. Қазір дайындықты үдете түскен. Өйткені алда Tartyl Fest турнирінің финалдық кезеңі. Сол сында еліміздің ең үздік спортшыларымен сайысқа түседі. «Бұған дейін 5 жыл бойы StreetWorkout-пен  шұғылдандым. Спорттың бұл түрі өмірімді түбегейлі өзгертті. Қарапайым құрылысшыдан фитнес нұсқаушыға айналдым. Әрине, бұған асқан төзімділік пен күш-қайрат қажет» , - дейді ол.

Юрий Кичатов  фитнес бапкер:

- Болашақ қалыңдығымды да осы жерден таптым. Биыл отау құрмақшымыз. Бұйырса, пәтер сатып алмақ жоспарымыз бар. Егер жолым болып жатса, бұл қаражат отбасымызға үлкен көмек болар еді.

Юрий Кичатов бұған дейін де талай сайысқа қатысып, жүлдегер атаныпты. Азия мен Еуропа Чемпионаты, Ынтымақтастық Кубогы мен әлемдік біріншіліктерде алған медальдарын мақтаныш тұтады. Қазір қаладағы фитнес клубтардың бірінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. Жастарға көше гимнастикасының қыр-сырын үйретіп, салауатты өмір салтын ұстануға баулып жүр.  

Богдан Астафьев  оқушы:

- Бапкеріме тек жеңіс тілеймін. Өйткені ол әркез үздік болуға лайық азамат. Өзім де болашақта Юрий сияқты кәсіпқой бапкер атанып, балаларды спортқа тартуды армандаймын. Ол үшін, ең алдымен, бапкерім өткен белестерді бағындырып, жетістікке жетуім керек.

Орал – осынау жалпылай іс шара өткен еліміздегі 20 қаланың бірі. «Tartyl Fest» республикалық турнирін Президент жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қоры ұйымдастырды. Алдағы гранд-финалға аймақтан 9 спортшы аттанғалы отыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов.