Үндістандағы әлем чемпионатында 4 боксшымыз жеңіске жетті
5 боксшымыз шаршы алаңға шығып, 4-еуі жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дәл қазір Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні ұлттық құраманың үздіктері бәсекені бастады. Әсіресе жеңіл салмақтағы Алуа Балқыбекова сингапурлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 5:0.
Артынша Жайна Шекербекова мен Надежда Рябец те оңтүстіккореялық боксшылармен жолығып, төрешілер шешімімен жеңімпаз атанды. Бұған қоса 57 келідегі Карина Ибрагимова да үмітті ақтады. Өткен әлем чемпионатында қола жеңіп алған жерлесіміз жарыстың басты фавориттерінің бірі колумбиялық Валерия Арболеда Мендосаны тенхникалық нокаутпен жеңді.
Ал 50 келіде сынға түскен Назым қызайбай алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Ол Вьетнам өкілі Тхи Там Нгуеннен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Нью-Дели қаласындағы дүниежүзілік дода 26 наурызға дейін жалғасады. Оған 60 елден 300-ден аса спортшы қатысып жатыр. Тіпті шектеулерге қарамастан Ресей мен Беларусь құрамалары толыққанды қатысуға мүмкіндік алды. Халықаралық бокс федерациясының осы шешіміне Америка және Еуропа елдері қарсы шығып, жарысқа мүлде келмей қойды. Бұған қоса биыл жеңімпаздарға берілетін сыйақы да артты. Мәселен, бірінші орынға 100 мың, екінші және үшінші орындарға, сәйкесінше, 50 және 25 мың АҚШ долларынан қарастырылған.