Қазақстан отандық футболдағы жаңа тарихтың парағын ашты
Қазақ футболшылары азулы Даниядан айласын асырды.
Еуро-2024 іріктеу турнирінің екінші турында жерлестеріміз 3:2 есебімен басым түсті. Бұрын-соңды біздің жігіттер әлемдік рейтингте үздік 20-ның қатарына кіретін құраманы ұтқан емес. Қазақстанның бұл жеңісі отандық футболдағы жаңа тарихтың парағын ашты.
Астана-аренадағы матч қазақ футболындағы ең жарқын жеңіс екені сөзсіз. УЕФА құрамына өткен 20 жылға жуық уақытта жерлестеріміз талай азулы командамен ойнады. Алайда ресми турнирлерде жолымыз бола бермейтін. Кешегі ойын жанкүйерлер жадында мәңгі сақталады. Алғашқы таймнан кейін екі доп айырмасымен жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алу үшін шеберлік қана емес мінез де керек. Қазақ футболшылары айналасы он бес минутта кездесу тағдырын шешіп, қарсыластың мысын басты. Дания Қатардағы әлем чемпионатында доп тепкен, атақ-даңқы алысқа кеткен құрама екенін ескерсек, жеңістің дәмі тәтті бола түседі. Кейінгі құрлық біріншілігінде қола жүлде алғаны тағы бар. Еуро-2024 іріктеу турнирінің алғашқы турында "Дат динамиті" Финляндияны 3:1 есебімен жеңіп, бұл топтың көшбасшысы екенін дәлелдей түсті. Қазақстан Словенияға есе жібергенді. Сондықтан Магомед Адиев шәкірттеріне ешкім сенбеді. Тек ұлттық құраманың өз жоспары бар еді. Алғашқы таймда Расмус Хейлунд қос голдың авторы атанып, қонақтардың мерейін үстем етті.
2:0 есебінен кейін Данияның жеңісіне ешкім шүбә келтірмеді. Үзілістен кейін Астана-аренаға жиналған жанкүйерлердің айқайы алаң иелерін алға жетеледі. Бұл матчта шеберлік емес, ерік-жігер мен намыс сынға түсті. Қазақ ойыншыларының жанкешті қимылы өз жемісін берді. Алдымен Бақтияр Зайнуддинов пенальтиден есеп айырмасын қысқартты.
Голдан қуат алған Қазақстан шабуылға иек артып, таразы басын теңестірді. Құрама капитаны Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы Каспер Шмейхел қорғаған қақпаның бір бұрышын бүлк еткізді. Бұл осы турнирдегі ең әдемі голдардың бірі болары сөзсіз.
Матчқа Абат Айымбетов нүкте қойды. Алаңға тыңнан қосылған шабуылшы сол қапталған әуелей жеткен допқа бұрын секіріп, қақпаны дәл көздеді.
Абат Айымбетов, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:
- Өте қуаныштымыз. Данияны екінің бірі жеңе бермейді. Біз үшін тарихи сәт. Ойынға дайындалдық, өзімізге сендік. Тренердің тапсырмасын тыңдап, екінші таймда ойын тағдырын шештік.
Асхат Тағыберген, Қазақстан құрамасының капитаны:
- Армандар орындалады. Бізге сенген, барлық жұртқа алғыс айтамын. Елімізді осы жеңісімен құттықтаймын.
Ойыннан кейін Дания құрамасының бас бапкері Қазақстанды айқын жеңісімен құттықтады. Каспер Юльман іріктеу турниріндегі сәтсіздік осы матчпен аяқталуы тиіс дейді.
Каспер Юльманн, Дания құрамасының бас бапкері:
- Біз Қазақстаннан дәл осындай ойын күттік. Жеңіс құтты болсын. Әрине, нәтижеге көңіліміз толмайды. Матчтың көп бөлігінде жақсы ойнадық. Алайда соңғы 15 минутта тұрып қалдық. Тактика дұрыс болды. Бірақ жігіттердің ойынға деген көзқарасы дұрыс болмады. Бұл біздің соңғы сәтсіздігіміз болуы тиіс.
Қазақстан іріктеу турниріндегі жеңістен кейін Н тобында үшінші орынға көтерілді. Дания екінші орынға сырғыды. Топ басында 6 ұпайы бар Словения тұр. Үш ұпайы бар Финляндия мен Солтүстік Ирландия төртінші, бесінші орындарға жайғасты. Енді Қазақстан соңғы орындағы Сан-Мариноға қонаққа барады. Ойын 17 маусымда сырт алаңда өтеді.