Орал қаласында каратэден халықаралық турнир өтті

Орал қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған, каратэден халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Осымен 8-ші рет өткізілген байрақты бәсекеге, еліміздің 11 өңірі мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Ресей мен Қырғыз елінен 700-дей спортшы қатысты. Жасөспірімдер, кадеттер және жастар арасындағы жарыс қорытындысында, жалпы командалық есепте маңғыстаулықтар алға шықты. Жамбылдық жас каратэшілер, екінші орынға ие болса, батысқазақстандықтар үшінші орынға табан тіреді. Қазақтың қаһарман қызының есімі мен ерлігін ұлықтауға арналған турнирдің, келер жылдан бастап дәрежесі де көтерілмек. Енді жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері спорт шебері атанады.  

Дархан Темірәлиев, жарыс жеңімпазы:

- Қатысушылардың бәрі де жақсы дайындықпен келген. Әсіресе финалдық жекпе-жек өте тартысты өтті. Қарсыласымды баяғыдан білем, тактикасын әбден зерттегем. Соның арқасында ғана жеңіске жеттім. Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Бақытжан Нарымбетов, БҚО каратэ федерациясының президенті:

- Жалпы каратэ тек жекпе-жек, тек қана өз-өзін қорғау емес, философия және артында тұрған үлкен эстетика бар. Каратэмен айналысатын бала әрдайым өзін тік ұстайды. Және үлкендерге құрметпен, кішілерге ізетпен қарайтын болады. Сондықтан менің ойымша каратэмен айналысатын балалардың санын арттыру керек деп ойлаймын.