«Билли Джин Кинг» кубогының жеребесі тартылды
Қазақстан теннисшілері «Билли Джин Кинг» кубогының топтық кезеңінде Австралия және Словения құрамасымен ойнайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әйелдер арасындағы командалық турнирдің жеребесі Лондонда тартылды. Қазақстан Б тобында өнер көрсетеді. Жарыс ережесі бойынша әр кездесу 2 жекелей және 1 жұптық матчтан тұрады. Әр топтың жеңімпазы жартылай финалға шығады.
«Билли Джин Кинг» кубогы 7-12 қараша аралығында Испанияның Севилья қаласында өтеді. Финалдық кезеңге Қазақстаннан бөлек, тағы 11 елдің теннисшілері қатысады. Біздің қыздар сәуір айындағы іріктеу кезеңінде Польша құрамасынан басым түсіп, әлемдік жарысқа екінші мәрте жолдама алды.