«Интер» Италия кубогының иегері атанды

«Интер» Италия кубогының иегері атанды

Еуропа алаңдарында кезекті маусым аяқталып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Италияда ел кубогының биылғы иегері анықталды. Римдегі «Олимпико» стадионында «Интер» мен «Фиорентина» кездесті. Матч тағдыры алғашқы таймда шешілді. Алдымен шабуылшы Николас Гонсалес есеп ашып, «Фиорентинаны» алға шығарған еді. Алайда «Интер» ойыншылары жылдам қарымта қайтарды. 29-шы минутта Лаутаро Мартинес белсеніп, таразы басын теңестірді. Аргентиналық шабуылшы қазір нағыз бабында секілді. Мартинес маңызды матчтарда мергендік танытып жүр. Лаутаро 37-ші минутта екінші голын еншісіне жазып, қарсыластың мысын басты. Үзілістен кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.

«Интер» қатарынан екінші жыл Италия кубогының иегері атанды. Симоне Индзаги шәкірттері биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесіне қол созды. Енді «Интер» «Манчестер Ситимен» чемпиондар лигасының кубогына таласады. Биылғы жылдың басты финалы 10-шы маусымда Ыстамбұлда өтеді.