Талдықорғанда еркін күрестен А. Бұғыбаевтың жүлдесіне арналған турнир басталды
Талдықорғанда еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманжол Бұғыбаевтың жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында КСРО чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеген Аманжол Күнболатұлы 1996 жылдан бастап еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. Ол Олимпиада ойындары мен әлемдік, құрлықтық деңгейдегі байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатқан талай-талай спорт саңлақтарын дайындап шығарды.
Белгілі бапкердің атындағы жарыс 23 жасқа дейінгі жастар арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр. Осы турнирде жеңімпаз атанған балуандарға бұрын спорт шебері атағы берілетін. Кейіннен оны алып тастады. Дегенмен Бұғыбаев турнирі – еліміздің жас балуандары үшін өте маңызды жарыстардың бірі. Сондықтан бұл жолғы сайысқа 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан 200-ден астам спортшы қатысып жатыр.
Жас балуандарды ынталандыру үшін турнир жеңімпаздарына 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілетінін де айта кетейік.
Мәулен Мамыров, Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры:
- Республикалық күнтізбеде тұрған жылда болатын турнир. Балалар бұл жарыста тәжірибе жинап, алда болатын Қазақстан чемпионаттарына дайындық ретінде ғой. Сол себепті маңызы зор. Барлық облыстардан балалар келді. Аға енді барлық өмірін спортқа арнады. Талай еңбек сіңіріп, талай мықты-мықты спортшыларды дайындап шығарды. Сол себептен еңбегі зор.