Ақтөбеде ойын түрлерінен жарыс өтіп жатыр
Ақтөбеде 100-ге жуық шабандоз ел чемпионатына берілетін жолдаманы сарапқа салды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыс әкімдігінің қолдауымен бәйгеге елдің 8 өңірінен келген үміткерлер қатысты.
Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған жарыстың жалпы жүлде қоры 20 млн теңгеден асады. Бұдан бөлек, облыс орталығында республикалық паралимпиада ойындары да өтіп жатыр.
13 жастағы Арнұр Саматұлы топ бәйгеде мәре сызығын бірінші боп кесті. Бұл жас шабандоздың атқа отырған 5 жыл ішіндегі алғашқы жүлдесі емес. Биылдың өзінде астындағы тұлпарын 2 рет жарысқа салып, ата-анасы мен жерлестерін қуанышқа бөледі.
Серік Қазбеков, атбегі:
- «Ботагөз» деген тұлпар. Былтыр да осы Ақтөбе қаласында осы Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңінде топ бәйгеден бірінші орын алған. Биыл тағы да бірінші орын алып отыр. Биылдыққа Шымкентте болған екінші турда аламаннан екінші орын әкелді атымыз. Қазір топ бәйгеден келіп тұрмыз.
Жарысқа қатысқан шабандоздар құнан, топ және аламан бәйгеде бақ сынады. Жеңіске жеткендер күзде Тараздағы ел чемпионатының финалына барады.
Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
- Ақтөбе облысында ұлттық спорттың көптеген түрі бар. Оны міндетті түрде біз қолдаймыз, әрі қарай дамытамыз. Ұлттық спорттың ішінде бәйгенің орны ерекше екені де белгілі. Міне, соны Ақтөбе күніне арнайы осыны өткізгелі отырмыз.
Облыс орталығында жазғы паралимпиада ойындары да жалғасып жатыр. Бүгін отырып волейбол ойнаудан Ақтөбе мен Астана командалары жүлделі орынды сарапқа салды.
Батыр Қадырбайұлы, Ұлттық параволейбол федерациясының бас хатшысы:
- 2023 жылдан бастап ұлттық құрама қатарына Ираннан жаңа бапкер шақырылды. Иран құрамасы – әлемнің Паралимпиадалық ойындардың чемпионы. Чемпионат Азияны Қазақстан командасын тыңғылықты дайындау мақсатында жаттықтырушыны шақырттық.
Паралимпиада ойындары Ақтөбеде 30 мамырға дейін жалғасады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев