Жетісу облысында парапланерлік спорт түрінен Әлем кубогы басталды

Талдықорған іргесіндегі «Тау Жетісу» демалыс аумағында парапланмен ұшудан Әлем кубогы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

20 елден жиналған 100-ге тарта спортшы сайысқа түсті. Қатысушылар арасында 15-тегі баладан 78 жастағы қарияға дейін жүр.

Алдымен 3 күн бойы іріктеу жарысы өтеді. Жартылай финал мен шешуші бәсеке 18 маусымға жоспарланған. Шетелден келген меймандар Талдықорған жерінде өтіп жатқан жарыстың спортшылар үшін оңай болмайтынын айтып отыр.

Игорь Виршки, ҚР Парапланерлік спорт федерациясының президенті:

- Еуропа мен Азия елдерінен белгілі спортшылар келді. Жылдан жылға жарыстың географиялық ауқымы кеңейіп келеді. Бұл халықаралық жарыста Қазақстанның намысын 20 спортшы қорғайды.

Матиаж Слуга, жарысқа қатысушы:

- Бұл спорт түрімен 43 жылдан бері айналысып келемін. Мен мұнда 4-ші рет өнер көрсетіп жатырмын. Бұл жер маған өте қатты ұнайды. Өйткені ауа райы мен жел бағыты жиі құбылып тұрады. Сондықтан Жетісу жерінде жеңімпаз атану кім кімге де оңай болмайды.