Биыл алғаш рет Амангелді Сейітхан атындағы «Тұмар» сыйлығы беріледі
Биыл «Тұмар» телевизиялық бәйгесінде спорт тілшілері тұңғыш рет арнайы марапатқа ие болады.
Бұл туралы «QazSport» арнасының он жылдығына арналған салтанатты жиында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді. Арнайы марапат белгілі спорт комментаторы, ақын-журналист Амангелді Сейітханның есім-сойымен аталады. Салтанатты іс-шарада «QazSport» арнасының 10 жылдағы жетістіктеріне шолу жасалды. Жаһандық деңгейдегі дүбірлі додалар, футболдан Әлем және Еуропа чемпионаттары мен республикалық жарыстардың 70 пайызы тікелей эфирде көрсетіліп келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі арна ұжымына жылы лебізін білдіріп, жемісті жұмыс тіледі.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Біз жалпы спорт журналистикасына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биылғы жылы «Тұмар» бәйгесіне, келесі аптада өтетін «Тұмар» бәйгесіне бірінші рет спорт журналистикасын қосып отырмыз. Және оны біздің арамыздан ерте айырған Амангелді Сейітхан бауырымыздың атымен атап отырмыз. Сондықтан сіздің араларыңызда спорт журналистикасы номинациясына лайық әріптестеріміз шығады деп ойлаймын.