Абай облысында қазақ күресінен әлемдік гран-при өтті

prosports.kz

Әлем үздіктері Ақсуатқа жиылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абай облысында жылдағы дәстүр бойынша қазақ күресінен әлемдік гран-при өтті. Байрақты бәсекеге биыл 16 елдің өкілдері жиналып, 3 салмақта өзара мықтыны анықтады.

Ақсуат төріндегі жарыс алаңына ә дегеннен мыңдаған адам жиналды. Ашығын айту керек, Астана не Алматыдағы байрақты бәсекелердің өзіне осынша көрермен келмейді. Яғни, ауыл халқы үшін бұл кәдімгідей жыл бойы тағатсыздана күтетін спорттық мерекеге айналған. Жалпы осы гран-при дала форматындағы, яғни шалғай елді мекенде өтетін жалғыз әлемдік аламан екен.

Биылғы бәсекеге 16 елдің өкілдері жиналды. Олар орта, ауыр және аса ауыр салмақтарда өзара мықтыны анықтады. Жергілікті палуандардан бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан және Грузиядан келген спортшылар жарыстың көркін қыздырды.

Аслан Қаженов, тілші:

- Ал бұл – бүгінгі жарыстың медальдары. Мінеки, алтынды алайық қолымызға. Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при. Бас жүлдеге мынадай кубогы да бар. Жалпы, айтайын дегенім, о баста 10 жыл бұрын жай республикалық турнир болған еді. Одан кейін халықаралық жарыс форматына ауысты. Көрші елдерден қатысушылар тартты. Одан кейін Біріккен күрес әлемінің ресми жарыстар күнтізбесіне енгеннен кейін әлемдік гран-при деген атақ алып отыр. Небір жарыстарды көріп жүрміз ғой. Дәл осы ауылда, шалғай елді мекенде өткізетін қазақ күресінен турнир үшін өте үлкен қадам. Өте үлкен дәреже.

Бәделхан Камалханұлы, жарысты ұйымдастырушы:

- Қазір біздің турнирді әлемнің төрт бұрышы біледі. Әлем кестесінде тұр. Басты мақсаты қарапайым қазақ ауылын әлемге таныстыру болатын. Биыл, міне, 10-шы жыл. Мен ойлаймын, турнир өз мақсатына жетті.

Айта кету керек, қазақ күресі биыл алғаш рет бүкіләлемдік жауынгерлік ойындар бағдарламасына қосылды. Дүниежүзілік дода Сауд Арабиясында болады. Ал оның төрешілері дәл осы жарыста іріктеледі. Яғни, Ақсуаттағы жарыс – спортшылар үшін де, төрешілер үшін де үлкен сынақ.

Сонымен жарыс қорындысы бойынша, 74 келіге дейінгілер арасында қазақстандық Қуандық Шадияр топ жарды. Кейін оның жеңіс жолын 90 келіге дейінгілер арасында Әсет Ахметжанов жалғады. Ал түйе палуандар арасындағы бәсекеде Нұрым Сәлімгереев қарсылас шақ келтірмеді.

Нұрым Сәлімгереев, жарыс жеңімпазы:

- Ақтық белдесуде, өздеріңіз көрдіңіздер, Грузия мемлекетінен келген палуанмен белдестім. Оның барысында ағайларымыздың жеке тактикасымен жоспар құрып, солай жеңіске жеттік. Қарсыласым іріктеу кезеңінде аяғын ауыртып алған болатын. Сол аяқққа жұмыс істеп, гран-при жарысының жеңімпазы атандым.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 18 милион теңге. Биыл орман өртіне байланысты тіркеу аяқасты тоқтатылып, біраз елдің өкілдері келе алмады. Алдағы жылы қайта ауқымын кеңейтіп, 40 мемлекет палуандарының басын қосу жоспарланып отыр.

Авторы: Аслан Қаженов.