Қазақстандық Әбу-Бәкір Жәнібек джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Маңғыстаулық Әбу-Бәкір Жәнібек джиу-джитсудың файтинг бағдарламасында әлем чемпионы атанды, деп хабарлады Маңғыстау облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Әлем біріншілігіне 41 мемлекеттен 500-ден астам спортшы келіп, бақ сынауда.
Әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында маңғыстаулық 7 спортшы бақ сынады.
-62 келі салмақта Әбу Бәкір Жәнібек алтын жүлде алса, күміс жүлдені колумбиялық спортшы, қола жүлдені швеяциялық спортшы және қазақстандық Аслан Қанатбек иеленді.
Осыған дейін Әбу Бәкір ересектер арасында әлем чемпионатының 5 дүркін қола жүлдегері болып, 2023 жылы әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ спортшы ақпан айында Бангкокта (Таиланд) джиу-джитсудан Азия чемпионы атанған болатын.
Әлем чемпионаты 15 шілде басталып, 21 шілдеге дейін жалғасады.