«Самұрық-Қазынаның» 15 жылдығына орай спартакиада ұйымдастырылды
«Самұрық-Қазынаның» 15 жылдығына орай спартакиада өтті.
Қор компаниялары қызметкерлерінің арасындағы сайыс Астанада атлетикалық орталықтардың бірінде өтті. Қатысушылар 11 спорт түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды.
8-спартакиаданың салтанатты ашылуы ауқымды өтті. Сенбінің таңында суперфиналға келген қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Спорт мерекесі аясында «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы 16 компания қызметкерлері сайысқа түседі. Олар 11 спорт түрінен күш сынасып, өзара мықтыны анықтайды.
Айбек Әбділманұлы, "KEGOC" АҚ менеджері:
- Бізде барлық жарыс түрлерінен командаларымыз бар. Жеке өзім жүзуден қатысамын. Мұндай спартакиадалар салауатты жалпы өмір салтын насихаттайды. Компанияларға қарасты қызметкерлердің арасында спортпен айналысуға ынталандырады. Кәсіби түрде айналысатындар да бар.
Қатысушылар мини футбол, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату және киберспорт бойынша сайысқа түседі. Жекелеген қатысушылар үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг және жүзуден жарысады.
Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы:
- Биыл ауқымды спорт сайысы Қордың 15 жылдығына арналды. Біз Қазақстандағы 250 мыңнан астам қызметкері бар ең ірі жұмыс беруші ретінде салауатты өмір салтын қолдаймыз. Бүгінгі салтанатты шеруге қарап, әріптестеріміздің спортты тұрақты серік еткеніне кезекті рет куә болып отырмыз. Отбасыларының да жанкүйер болып келгені қуантады. Оларға, яғни балалар мен ересектерге бөлек бағдарлама дайындадық. Мен өзім жүзуден жарысқа қатысып, төртінші келдім.
Спорт мерекесі үш күнге созылады. Ертең жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Еске салайық, биыл спартакиадаға 800-ден астам адам қатысты.
Ғазиза Мұхамеджанова, Мұрат Әріпханов, Ернар Демесинов