Әлем үздіктері елге оралды

Бірер күн бұрын Хорватияның Загреб қаласында дзюдодан жастар арасындағы дүниежүзілік дода өтіп, 5 жерлесіміз жүлдеге ілікті.

Оның біреуі алтын. Әріптесім Аслан Қаженов көппен бірге чемпионарды әуежайдан күтіп алып, көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

1 алтын, 1 күміс және 3 қола. Қазақстан құрамасы 65 мемлекеттің арасында алдыңғы бестікке кірді. Ел абыройын асқақтатқан спортшыларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Жандос Үшкемпіров, олимпиадалық даярлау орталығының жетекшісі:
- Бұл - үлкен дәреже, үлкен құрмет. Бұл палуандарға үмітім зор. Болашақ олимпиада чемпиондары. Шын жүректен барлықтарыңызды құттықтаймын.

Әсіресе 55 келіде белдескен Нұрлан Исатаевты ерекше атап өту керек. Ол іріктеу сындарында Түркіменнстан, Армения және АҚШ дзюдошыларын айқын басымдықпен ұтты. Ал жартылай финалда тағы бір қазақстандық Оралбек Байзақпен жолықты. Нәтижесінде Нұрлан финалға шығып, ақтық сында грузиялық Мераби Самадашвилимен кездесті. Белдесу аса тартысты өтті және негізгі уақытта тараптар өзара мықтыны анықтай алмады. Ал қосымша уақытта отандасымыз ұтымды әдіс қолданып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды.

Нұрлан Исатаев, әлем чемпионы:
- Соңғы жекпе-жек ауыр өтті. Қарсыласыма ұтымды әдіс қолданып, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бұл тыңғылықты дайындықтың арқасы. Әлем чемпионатының алдында Жапония, Грузия және Алматы мен Астанада жаттығу жиындары ұйымдастырылды.

Жоғарыда сөз болған Оралбек Байзақ та жүлдеге ілікті. Ол осы салмақта үздік үштікті түйіндеп, қола медаль еншіледі.

Оралбек Байзақ, әлем чемпионатының жүлдегері:
- Барымызды салып, Алланың қалауымен үшінші орынға ие болдық. Жартылай финалда өзімнің бауырым Нұрлан Исантаевпен шықтым. Одан вазаримен ұтылдым. Үшінші орынға таласта Сербияның спортшысымен шықтым.

Бұған қоса қыздар арасында Сабина Юлдашбекова да өте жақсы өнер көрсетті. 40 келіге дейінгілер арасында күрескен қазақ қызы финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана қарсыласына есе жіберді. Бұған қоса, Досбол Балғабай мен Берікбол Жұманбеков қолаға қол созды.

Алмас Несіпберлинов, ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:
- Есеп бойынша 65 мемлекет арасында біз 5-ші орында тұрмыз. Келесі әлем чемпионатында бірінші орынға шыққымыз келеді. Көңілден шықты баршаңызға рахмет.

Енді спортшылар сәл тынығып, қайтадан жаттығу залына оралады. Өйткені алда Азия чемпионаты бар. Құрлықтық дода қараша айында өтеді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Мейрам Жүнісов