Стенд ату. Ел үздіктері елордаға жиналды

Ел үздіктері елордаға жиналды. Бұнда стенд атудан Қазақстан кубогының кезекті кезеңі өтіп жатыр.

Айта кетейік, ішкі біріншілік бас-аяғы 5 бөлімнен тұрады. Ал Астанадағы аламан соның үшіншісі саналады.

Сұрмергендер сайысына стенд ату спорты бір жолға қойылған 6 аймақтың өкілдері қатысып жатыр. Яғни, 100-ге жуық спортшы аптаға жуық өзара мықтыны анықтайды.

Жарыстар стенд атудан скит және трап бағытында болады.14 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұған қоса, байрақты бәсеке аясында Астана қаласының ашық чемпионаты да ұйымдастырылып, жергілікті жас спортшылардың шеберлік шыңдауына керемет мүмкіндік берілді.

Қазақстан кубогының алда әлі 2 кезеңі бар. Осы жарыстар қорытындысы бойынша  ең үздік нәтиже тіркеген спортшылар күзде финалда жолығып, бас жүлдені сарапқа салады.

Диана Сабекова, жарысқа қатысушы:

- Жарыс жақсы өтіп жатыр. Өзімнің көрсеткіштеріме көңілім толады. Жекелей сында күміс, командалық сында алтынға қол создым. Әрине, қателіктер де болды. Осы олқылықтарды ескеріп, алдағы уақытта қайталамауға тырысамын. Жарысқа дайындаған бапкеріме алғыс айтқым келеді.