Елордада Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі жалғасып жатыр
Елорда төрінде Ұлттық спорт түрлерінің VІ фестивалі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
4 жылда бір өтетін шарада 1 мыңнан астам қатысушы 11 спорт түрі бойынша сынға түседі. Бүгін көкпадан финалдық кездесулер өтіп, бүркітшілер де араларындағы үздіктерін анықтады.
Риат Шони, тілші:
- Қазанат ат шабарында Ұлттық спорт түрлерінен VІ фестивальдің бүгін қызған шағы. Дәл қазір ипподромда көкпардан ақтық кезеңдер өтіп жатыр. Жалпы бұл спорт түрінен солтүстік өңір кенжелеп қалған болатын. Бірақ төрешілердің сөзінше, қостанайлық команда ерекше өнер көрсетіп жатыр.
Бүгін жартылай финалға дейін жеткен қостанайлық команда Алматы облысының көкпаршыларымен жолықты. Тартысқа толы болған кездесуде палуандар серкені тақымына қысып, кезек-кезек бір-бірінің шеңберіне салып жарысты. Дегенмен ойынның соңғы минуттарында алматылықтардың мысы басым болып, жеңісті қарсыластарынан жұлып алды.
Ғани Ахметбай, Көкпар ойынының бас төрешісі:
- Өкінішке қарай, солтүстік өңірлерде әлі де болса да біраз жұмыс керек. Себебі қазіргі жағдайда барлық өңірлерде мектептер ашылған. Соған енді дұрыс жұмыс жасаса, мен өзім ойлаймын, болашақта солтүстік өңірде шабандоздардың қатары көбейіп, үздіктер шығады деп. Оның бірден-бір мысалы, Қостанай облысының командасы бүгін жартылай финалда өте керемет ойын көрсетті. Осы уақытқа дейін Қостанай облысынан бұндай өнер көрген жоқ едік.
Фестиваль ұлттық спорт түрлерінің олимпиадасы десе де болады. Бұндай жарыстар 4 жылда бір рет ұйымдастырылады. Сайыс бағдарламасында 11 спорт түрі бар.
Қансонар болмаса да, бүгін бүркітшілер де аңға шықты. Қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр – құсбегілік те фестиваль аясында кеңінен насихатталып жатыр. Кімнің қыраны қоянды астына дәл бүктеп басатынын қырағы төрешілер де көз жібермей бағалауда.
Жалғас Әкімбеков, құсбегі, Жамбыл облысы:
- Осы Астанаға 2 құс алып келдік. Құдай қаласа, құсымыз үшке таласайын деп тұр. Мына кішкентай құстарымыздікі ертең болады, амандық болса. Сол, барлығы жақсы, керемет өтіп жатыр.
Фестиваль осымен 6-шы рет өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қатысушылар саны уақыт өткен сайын артып келеді. Бұл жолғы жарыстар ұлттық құрама мүшелері үшін дүбірлі дода алдындағы үлкен сынақ болып отыр. Өйткені келер жылы Астана төрінде дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Жарыс қожайыны болғандықтан, Қазақстан ұлттық құрамасының бағы мен бабы қатар шабуы керек, - дейді спорт мамандары.
Авторлары: Риат Шони, Диас Ковланбаев, Берик Шарав.