Түркістанда қазақ күресінен Азия кубогы басталды
Түркістанда қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған Азия кубогы басталды.
Ересектер арасындағы додаға Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан командалары қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күні белдесулер бес салмақ дәрежесінде өтті. Мамандар боз кілемдегі біздің басты бәсекелесіміз Өзбекстан мен Монғолия палуандары екенін айтады. Себебі соңғы жылдары бұл елдерде қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Жалпы Азия кубогы бәсекесінде 8 салмақ дәрежесінде 150 спортшы бағын сынайды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар ертең белгілі болады.
Аттарсинх Манн, палуан,Үндістан:
- Қазақ күресіне соңғы жылдары Үндістанда да қызығушылық артып келеді. Азия, Әлем чемпионаттарына біздің палуандар да қатысып, бағын сынап жүр. Әзірге ауыз толтырып айтар жетістігіміз болмаса да нәтиже жаман емес.
Самат Рысбеков, облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры:
- Азия кубогы болғаннан кейін ауқымы кеңейіп жатыр. Әсіресе Үндістан мен Қытай бізге қызығушылық танытып жатыр. Моңғолдар бұрыннан жауынгер халық олар қазақ күресінен бұрыннан бүйрегі бұрады. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан өзіміздің көршілер болған соң бұрыннан насихаттап, дамуына үлесін қосып жатыр.