Қазақстан Азиадада ауыр атлетикадан алғашқы медальді ұтты
Қоржынымызға бір күміс пен қос қола түсті.
Қытайдың Ханчжоу қаласында жылдың басты бәсекесі Азия ойындары жалағасып жатыр. Бүгін күрес түрлерінен медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жерлестеріміз арасынан 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет алтынға бір табан жақын болған. Бірақ финалда жапон палуанына есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады. Айта кетейік, Мейіржан бозкілемге ұзақ үзілістен кейін қайта оралып отыр. Ол жарақатына байланысты жыл басындағы ел спартакиадасына қатыспап еді. Азия ойындарының іріктеуінде үздік саналатын жергілікті спортшыны және жастар арасындағы әлем чемпионын ұтты.
Нұрым Дүйсенов, ұлттық құраманың бапкері:
- Мейіржан барын салды. Соңғы секундттарға дейін күресті. Бұрынғы жарақаты бар еді. Сол белдесу кезінде сыр берді. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Үш бірдей жаттығу жиынын өткіздік. Жеребе тарту нәтижесі де біз үшін қиындау болды. Соған қарамастан жақсы күресіп шықты.
Артынша 77 келідегі Азат Садықов қола жүлде еншіледі. Соңғы сында камбоджалық қарсыласы кілемге шықпай қойды. Бұған қоса, үшінші орын үшін күрескен Айдос Сұлтанғали мен Мақсат Сайлау ақтық белдесулерінде жеңіліп қалды. Сонымен қатар, бүгін ауыр атлеттеріміз де алғашқы жүлдесіне қол созды. Атап айтқанда 81 келіге дейінгілер арасында Александр Уваров мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, үшінші орынға тұрақтады. Сәйкесінше ұлттық құрама қоржынына 35-қоланы салды. Ал Қазақстан қоржынындағы медальдардың жалпы саны 51-ге жетті.
Александр Уваров, Азия чемпионатының қола жүлдегері:
- Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Бүгінгі жарыста ең жоғарғы нәтижемді тіркедім. Әсіресе серпе көтеруде көрсеткішім әлдеқайда жақсарған. Енді алдағы ақпан айында ересектер арасындағы Азия чемпионаты бар. Сәл тынығып, енді сол байрақты бәсекеге жаттығуды пысықтаймыз.