Азия Пара ойындары: қоржында 2 алтын бар
Қытайда өтіп жатқан Азия пара ойындарында ел қоржынына тағы бір алтын түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Парадзюдодан 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ақмарал Науатбек ақтық сында жарыс қожайыны қытайлық Ли Личиннан басым түсіп чемпион атанды. Сондай-ақ осы пара дзюдодан тағы бір жерлесіміз Әнуар Сариев 60 келі салмақ дәрежесінің J2 санатында сынға түсіп, қола медаль еншіледі.
Бұған дейін пара пауэрлифтингтен алғашқы алтынды Давид Дегтярев жеңіп алған болатын. 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен параспортшы 186 келі зілтемірді көтеріп, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты. Осы спорт түрінен 41 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Тұрсынай Қабыл күміс медальға қол жеткізді.
Одан бөлек, пара каноэден жерлестеріміз 1 күміс, 2 қола жүлде еншіледі.