ІІ Түркі универсиадасы аяқталды
Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасы өз мәресіне жетті.
Дүбірлі додаға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінен 500-ден аса жас қатысты. Олар 5 күн бойы шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, шағын футбол, грек-рим және еркін күрес түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Түркі жастарының рухын көтеріп, ынтымағын нығайтатын сайыста достық жеңді,-дейді универсиада қатысушылары. Шараның мақсаты бауырлас елдердің жастарының басын қосып, бірлігін бекемдеу, ортақ мәдениет пен тарихымызға қызығушылығын арттыру болатын. Жарыстың жабылу салтанатында меймандар түркі жұртының достығын көрсететін мерекелік концертті тамашалады. Жиын соңында универиада туы Қырғызстаннан келген делегаттарға табысталды.
Исмаил Джулфа, палуан (Түркия):
- Бізді Түркістанда шетелдің деп қабылдаған жоқ. Алыстан келген бауырымыз деп құшағына басты. Универсиада ойындары өте тамаша өтті. Мен грек-рим күресі бойынша жарыс жеңімпазы атандым. Біз барлық қатысушылар кілемде бір-бірімізге қарсылас болғанымен сыртта дос болып кеттік. Ерекше сезім, ұмытылмас әсер алдық.
Құлболды Исаев Білім және ғылым министрлігі әдістемелік орталығының директоры /Қырғызстан:
- Түркістанда өткен түбі бір түркі жұртының студент жастарының ойыны өте жоғары деңгейде өтті. Біз қазақ бауырларымыздың қонақжайлығына ризамыз. Енді 2 жылдан кейін 2025 жылы ІІІ Түркі универсиадасы біздің елде өтетін болды. Бізде бауырлас халықтардың достығын паш етуге барымызды саламыз.