ЕURO 2024: ертең Қазақстан Сан-Мариноны қабылдайды

Ертең футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Сан-Марино командасын қабылдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Матч жанкүйерлер арасында қызу талқыланып жатыр. Себебі футболшыларымыз жеңіске жетсе, кәрі құрлықтың басты додасына бір табан жақындайды. Бұл – Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің елде өтетін соңғы матчы. Сол үшін билет те 2 күн ішінде толық сатылып кетті. Демек ертең стадион лық толуы мүмкін. Маңызды ойынға аяқдопшылар да сақадай сай. Бас бапкер Могамед Адиев негізгі құрамдағы футболшылардың жарақатына қарамастан жеңістен үмітті екенін айтты.  

Магомед Адиев, футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Ұлттық құрама сапында нақты көшбасшы ойыншы жоқ. Бізде көшбасшы команда бар. Құрамадағы жігіттердің бәрі команданы алға сүйрей алады. Алаңға шыққан ойыншылар барын салуы керек. Ұлттық құрама жұдырықтай жұмыла алады. Бірлігіміз жеңісте де, жеңілісте де айқын көрінеді.