Бокстан Қазақстан Спартакиадасы аяқталды
Астанада бокстан ерлер арасындағы Қазақстан Спартакиадасы өз мәресіне жетті.
4 жылда бір рет ұйымдастырылатын байрақты бәсекеге 13 салмақ бойынша 176 спортшы қатысты. 57 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан қарсылас шақ келтірмей, финалда шымкенттік Оразбек Асылқұловтан басым түсті.
Махмұд Сабырхан, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Азия ойындарында жолым болмай қалды. Міне, бүгін тағы да дәлелдедім. Алла қаласа жанкүйерлеріме әлі талай дәлелдеймін.
Ал 51 келідегі Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбайдың жекпе-жегін көпшілік тағатсыздана күтті. Бұл кездесуде Сәкен Бибосынов айқын жеңіске жетіп, турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Ұлттық құрама сапындағы Дулат Бекбауов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай да бабында екенін дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Спартакиадада топ жарған боксшылар Париж Олимпиадасына лицензия беретін турнирлерге қатысады.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Бұл жарыс өте әділ өтті. Тек мықтылар ғана жеңіс тұғырынан көрінді. Қазір біз ұлттық құраманы жаңадан жасақтап жатырмыз. Мақсатымыз – алдағы олимпиадаға тыңғылықты дайындық жасау. Париж ойындарына небәрі 250 күн қалды. Сондықтан бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр.