Спорт кешендеріне сұраныс артып келеді
Қостанай облысында жергілікті билік спорт үйірмелерін көбейтуге мүдделі.
Мәселен Қарабалық ауданында жаңа спорт нысандары құрылысы қолға алынған. Ол жерде қазір дене шынықтыру, сауықтыру кешені салынып жатыр.
Бұдан бөлек аудан орталығындағы ескі стадион қайта жаңартылады.
Қарабалық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы биыл басталды. Ауданда бұрын-соңды мұндай нысан болмаған. Көлемді екі залдан тұрады. Бірі футбол мен волейбол, баскетбол сияқты командалық ойындарға арналса, екінші жекпе-жек түрлеріне арнап жабдықталады.
Республикалық бюджет есебінен салынып жатқан жоба құны бір миллиард теңге шамасында. Кешен жанындағы ескі стадион да қайта жарақталып жатыр.
Болат Изенов, Қарабалық ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Стадионды астаналық мердігер мекеме жөндеуге кірісті. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қостанайлық компания салып жатыр. Құрылысқа 120-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Әзірге мердігерлердің жұмысына тағар кінәрат жоқ. Қарқыны жоғары. Белгіленген кестеден бұрын келеді.
Қарабалық ауданының 11 мыңға жуық тұрғыны спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Негізінен бокс пен жеңіл атлетика және командалық ойындар сұранысқа ие. 500-ден астам үйірме бар. Өңірдегі нысандар спортшыларға таршылық етіп отыр. Сондықтан жергілікті халық жаңа ғимараттың ашылуын асыға күтіп жүр.
Любовь Храпова, Қарабалық ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Бұл кешеннің құрылысы спорт үйірмелерінің дамуына түрткі болады. Бұқаралық спортпен шұғылдануға ниет еткендер қатары артады. Сондай-ақ спорт мектебінің залына түсіп отырған жүкті азайтады.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы да, стадиондағы жөндеу жұмыстары да екі жылға жоспарланған. Сондықтан бұл нысандарда алғашқы байрақты бәсеке келер жылы өтуі тиіс.
Мансур Есқожин, Артём Грапов, Ермек Мухамедьяров, «Хабар-24», Қостанай облысы.