Құсбегілік өнерге өзге ұлт өкілдері қызыға бастаған
Қазақтың құсбегілік өнеріне өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы оянып келеді.
Жетісу облысында Иван Лавров есімді жас жігіт ителгі баптап жүр. Текелі қаласының тұрғыны бірнеше халықаралық байқауға қатысып, сұңқарының бабы мен бағын сынап көрді. Ұлттық спортқа ден қойған жасты «Жетісу саятшылары» федерациясының құсбегілері баулып жүр.
Иван Лавровтың ителгісінің аты - Жебе. Жемтігін қағып түсер сұңқар болсын деп осылай атаған. Ол құсын қорада емес, үйінің ішінде ұстайды. Қазақтың тілін, аңшылық өнерін үйреніп жүрген өрен болашағын құсбегілікпен байланыстырғысы келеді.
Иван Лавров, құсбегі:
- Маған құсбегілік ұнайды. Айналысқаныма бір жыл болды. Сондықтан мен колледжді бітірген соң орнитолог болғым келеді. Келешекте осы спортты дамытуды жоспарлап отырмын.
Иван отбасындағы алты баланың төртіншісі. Олар кенді қаланың қақ ортасында тұрса да жылқы өсіріп отыр. Бие санын короновирус індеті тараған кезде арттырыпты.
Галина Лаврова, Иванның анасы:
- Пандемия кезінде бие байлап, саумал, қымыз іштік. Соның көмегімен аурудан айықтық десек артық айтқандық емес. Алты баланы осылай еңбекке баулып жатырмыз. Сондықтан Иван ұлттық спортпен айналысам дегенде қарсы болған жоқпыз. Өйткені әр адам өмірде өзінің орнын табу керек. Сол себепті оған қолдау көрсеттік.
Иванды құсбегілікке Жасұлан Файзолла баулып жүр. Облыстың бас жаттықтырушысы оны екі бірдей ауқымды жарысқа алып барды. «Шығыс салбурыны - 2023» халықаралық фестивалінде ол жүлделі орынға бір табан жақын қалды. Қазір ұстаз бен шәкірт кеткен кемшілікті жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жасұлан Бүркітбай, құсбегіліктен облыстың бас жаттықтырушысы:
- Ителгіміз болса шақырудан ең жоғарғы ұпаймен келе жатты да далбайдан аз теуіп қалдық. Ал қоянды алып тұр. Далбайдан жақсы дайындалсақ бұйырса келесі жарыстан дайын болады. Ваняның өзінің қызығушылығы жақсы сол үшін ертіп жүрем. Кіші құсты үйреніп алған соң үлкен бүркітке үйретіп аламыз.
Облыста биыл «Жетісу саятшылары» ұлттық спорт федерациясы құрылды. Оның құрамына оншақты құсбегі еніп отыр. Олар жаздай бүркітті ақжілік етіп түлетті. Енді қайыру арқылы етін түсіріп бабына келтіріп жатыр.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Менің қолымдағы мына Айқабақ атты бүркіт талай жарыстарда жүлде салған қыран. Жетісулық құсбегілер қазір мұны қансонарға дайындап жатыр. Күн сайын қолға шақырып шырғаға түсіреді. Зар күйіне келіп, дайын болғанда аңға алып шықпақ.
Аңшылықтан бөлек қыста бірнеше республикалық жарыс өтеді. Федерация құсбегілерді бүркітшілер бәсекесіне апарудың қам-қарекетіне кіріскен. Сонымен қатар олар арнайы кешен ашуды көздеп отыр.
Бүркітбай Файзолла, "Жетісу саятшылары" ұлттық спорт федерациясының президенті:
- Текелі қаласының маңында қыран питомнигін ашсақ деген мақсатымыз бар. Өткенде облыстық әкімдікте мәселе қойғам. Қазір облыстық спорт басқармасы соны ұйымдастыруға қарайласып жатыр.СКЛ Қыран құстардың питомнигін жасақтау деген сөз, ол бірінші нағыз қыран құстарды өсіре аламыз. Екіншіден қызыл кітапта қорғауда болғандықтан біз оны ұядан албаты ұстай беруге болмайды. Сондықтан қолымыздағы құстарды шағылыстыру арқылы өзінен жақсы балапанды өсіріп отырсақ құсбегілерді қамдауға мүмкіндік туады.
Жоспар жүзеге асса құсбегілерге бүркітті түзден ауламай, қолтума етіп алуына мүмкіндік туады. Кешен балаларды бекзат өнерге баулитын әрі ұлттық спортпен туризмді дамытатын орталық болады, дейді саладағылар.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев