Боксшыларымыздың тарихи жетістігі

Тарихи жетістік.

Әлем чемпионатына аттанған жас боксшыларымыздың нәтижесіне осындай баға беріліп жатыр. Күні кеше Армения астанасы Ереван қаласында жасөспірімдердің дүниежүзілік додасы мәресіне жетті. Ұлттық команда қоржынында 10 медаль бар. Оның төртеуі алтын. Әсіресе қыздар арасындағы бәсекедегі көрсеткіштер жақсы. Мәселен, 54 келідегі Аяжан Сыдық, 60 келідегі Толғанай Қасымхан және 66 келідегі Айсұлу Мұхит қарсылас шақ келтірмейді.

Айта кету керек, қазақ қыздары бірінші рет әлем чемпионатынан үш бірдей алтын жеңіп алып отыр. Бұған қоса, қазақстандық қыздардың еншісінде 5 қола бар. Яғни Сила Биболсынқызы, Гаухар Зарден, Айша Сариева, Алина Құдайбергенова және Құралай Егінбайқызы өз салмақтарында үздік үштікті түйіндеді. Ал ұлдар арасында 54 келідегі Нұрасыл Төлебек алтын жүлдеге қол созды. Тағы бір қазақстандық Нығман Нығмет жарыс қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанды.