«Сұңқар 2023»: әлемдік додаларда топ жарған спортшы студенттер марапатталды

Қоян жылы студенттік спорт үшін жемісті болды.

Осыған орай Қазақстанның Ұлттық студенттер одағы алғаш рет әлемдік додаларда топ жарған жастарды марапаттады. «Сұңқар-2023 студенттік спорт жұлдыздары» байқауында сала үздіктері сахна төрінен табылды. Олардың қатарында үздік студент спортшылар, жаттықтырушылар, университет ректорлары мен спорт клубтары бар. Айта кетейік, биыл АҚШ-та өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада мен, Қытайдың Ченду қаласында өткен жазғы Универсиада еліміз үшін сәтті аяқталды. Осы шараларға ақпараттық қолдау көрсеткен БАҚ өкілдері де марапаттан тыс қалған жоқ. 

Жандос Айтбай, «Хабар» телеарнасының спорт комментаторы:

- Әрине еңбегіміздің еленіп жатқанына қуаныштымыз. Қазіргі таңда студенттер спорты қарқынды дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Әсіресе қазақ жастары қарым-қабілеті жоғары екенін дәлелдей алды. Үш алтын алып жалпы командалық есепте 11-орыннан көрінуі. Жалпы Австрия, Италия сияқты қысқы спорт дамыған елдерді артқа тастап, 11 командадан көрінуі серпіліс, ұмтылыс бар екендігі байқалады. 

Сұлтан Әсетұлы, жастар арасында грек-рим күресінен әлем чемпионы:

- Мен осы жақында ғана Албания мемлекетінде 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында чемпион болдым. Оған дейін Азия чемпионы болдым. Осы Алматы қаласында грек-рим күресінен. Алда Париж Олимпиадасы бар. Бұл Олимпиадаға дайындаламыз. Бір айдан кейін Бішкек қаласында лицензия өтеді. Жарыста лицензия алып, олимпиадаға барып туымызды желбіртуге барымызды саламыз.