Ризабек Айтмұхан Олимпиадаға дайындалып жатыр
Биыл әуесқой және кәсіпқой бокста қазақстандық былғары қолғап шеберлері әлемдік шаршы алаңдарда атой салып, табысқа кенелді.
Мәселен, Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында боксшыларымыз 4 алтын, 1 күміс медальді қанжығаға байлады. Ал еркін күрестен Ризабек Айтмұхан еліміз 32 жыл күткен алтын жүлдені алып берді. Қазір балуан Париж Олимпиадасына дайындалып жатыр.
Қоян жылы Ризабек үшін сәтті болды. Олай деуге толық негіз бар. Он тоғыз жасар балуан ірі сегіз жарысқа қатысып, жетеуінде олжа салды. Оның ішіндегі ең шоқтығы биігі - әлем чемпиондағы алтын жүлде.
Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:
- Тек қана күшпен күреспейді балуан, ол жан-жақты мықты болу керек. Ол ең бірінші білім жағынан, күрескен кезде қандай әдіс жасаймын, қалай қорғанам физикалық тұрғыда, практикалық тұрғыда қабілеттер керек. Бірақ ең алдымен мен үшін ол жүректегі намыс деп ойлаймын. Егер сенің жүрегінде рух пен намыс болмаса, онда осы қабілеттін барлығы керек емес.
Қазір Ризабек келер жылы ақпан айында өтетін ел чемпионатына дайындық үстінде. Ал бұл бәсекеде әлем чемпионы боз кілемге жаңа олимпиадалық салмақта шығады. Осылайша ол Париж Олимпиадасының тұғырына көтеріліп, қазақстандықтарды тағы бір мәрте қуантуға ниетті.
Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:
- Қазақстанда еркін күрестен әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар, бірақ олимпиада ойындарының алтын жүлдесі жоқ. Менің мақсатым сол 97 келіге дейін ауысып, олимпиадалық салмаққа осы еліме олимпиада алтынын әкелу. Сол үшін мен бар күшімді саламын.
Жәнібекті жеңіске жетелеген жыл
Сондай-ақ осы жыл белгілі былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы үшін де табысты болды. Ол орта салмақ рейтингінде атақты Геннадий Головкиннің өзін басып озып, көш бастады. Осы уақытқа дейін боксшы 15 кездесу өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Тіпті он кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный