Түркістан облысының үздік байдаркашылары марапатталды
Ескек есу және желкенді жүзу қауымдастығы жылды қорытындылап, көшбасшы спортшыларға құрмет көрсетті, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл жарыс жолына түскен үздіктер ішкі және халықаралық турнирлерде топ жарды. Ел қоржынына Азия ойындарынан алтынға бергісіз қос күміс медаль түсті. Сондай-ақ пара каноэдан 3 күміс пен 1 қола медаль жеңіп алды. Ал Бейбарыс Спатай 2024 жылы өтетін Паралимпиада ойындарының лицензиясына ие болды.
Жиында «Жыл серпілісі», «Үздік жаттықтырушы» және «Олимпиадалық үміт» сияқты 7 бірдей аталым бойынша көшбасшылар анықталып, оларға арнайы сый-сияпат жасалды.
Бейбарыс Спатай, Азия Пара ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері:
- Менің жаттығуларымның бәрі ойымнан шығып жатыр. Себебі маған үлкен үміт артып тұр. Өйткені менің мүмкіндігім бар. Сол себепті қазір барлық жағдайларды жасап беріп жатыр. Өзбекстан десем – Өзбекстан, Түркия десем, Түркияда жиын жасап берді. Барлық жағдайларды жасап беріп жатыр.
Денис Жарменов, Ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы:
- Жеңіп алған олимпиадалық жолдама соңғы нәтижеміз емес деп сенемін. Жоспарымыз бойынша әлі де жолдамалар саны артып, Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуіміз керек. Ол үшін спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың алдына үлкен тапсырма қойып отырмыз. Біз де қолдау көрсетуге аянып қалмаймыз.