Елде «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді
Жаңа жылдан бастап спортпен шұғылданамын деген шешім қабылдап, бірақ нақты немен айналысарыңызды білмей жүрсіз бе? Ендеше керемет ұсыныс бар.
Бірнеше жыл болды елімізде «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Иә, бұл жоба жайында біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. О баста елордада пилоттық негізде іске қосылды. Кейін 7 бірдей қалада кеңінен қолданылып, ондаған мың жергілікті тұрғынды спортқа тартты.
Елімізде кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорт та қарқынды дамып жатыр. Әсіресе балалар дене шынықтырумен белсенді айналысатын болды. Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтауында дәл осындай пікірді алға тартты. Оған негіз ретінде соңғы жылдары тұрақты негізде және жаппай жүзеге асырылып жатқан арнайы жобаларды алға тартуға болады. Соның бірі – «Қолжетімді спорт» бағдарламасы.
«Қолжетімді спорт» бағдарламасы
Аталмыш бастама, міне, үшінші жыл қатарынан жүзеге асып жатыр. Яғни, Астанада 2021 жылдың қазан айында бастау алып, жыл соңына дейін 20 мыңға жуық адамды қамтып үлгерді. Кейін Алматы, Шымкент, Семей, Петропавл, Ақтау және Талдықорған қалаларының спорт басқармалары да осы іліп әкетіп, барынша қолдау танытып, өз аймақтарында қолданысқа енгізді. Оның барысында қала тұрғындары тегін негізде білікті мамандардан шеберлік сағатын ала алады. Жаттығу жұмыстары жаз мезгілінде ашық аспан астындағы парктерде, алаңдарда, ал қыс мезгілінде жабық үлгідегі спорттық залдарда, сарайларда ұйымдастырылады. Мәселен, елордада қазір 5 бағыт бойынша дайындалуға мүмкіндік бар. Атап айтқанда, қашықтыққа жүгіру, скадинавиялық жүру, үстел теннисі, каратэ және фитнес.
Аталмыш жұмыстардың барысына көз жеткізу үшін елордадағы жаттығу залдарының біріне өзім арнайы бардым. Бұнда Индира Әбдікәрімова есімді бапкер 20 шақты қыздың басын қосып, жапон жекпе-жегін үйретеді.
«Қолжетімді» спорт бағдарламасы бойынша жаттығулар аптасына 2 рет ұйымдастырылады.