Текелі қаласында биатлон кешені салынады
Биыл Жетісу облысындағы Текелі қаласында халықаралық талапқа сай биатлон кешені салынады.
Жалпы құны 15 млрд теңгеге бағаланған жобаның қазір тиісті құжаттары жасалып жатыр. Спорттық нысандар тұрғызылғанда шаңғышылар асқақ Алатаудың етегінде, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте жаттығатын болады.
Биатлон кешенін салуға Текеліден тоғыз гектар жер бөлінген. Аумақтың топографиялық түсірілімі жасалып, екі жарым шақырымдық жүгіру жолы айқындалды. Ал, апатты деп танылған екі үй сүріліп орнына спорт нысандары тұрғызылады.
Рүстем Болатұлы, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Әкімшілік ғимараттар салынады. Сонымен қатар 200 орынға жатақхана салынады. 500 адамға трибуна салынады. Және де айыппұл шеңбері болады.
Олимпиадалық спорттың дамуына жол ашатын кешенмен қатар қалада тау шаңғы базасын салу көзделген. Бастама қолға алынып, ойдағыдай аяқталса аймақта қысқы туризм қарқын алады. Ермек Кеңесханұлының демалыс орны осы қос нысанға барар жолда тұр. Сондықтан ол тынығушыларға жазда ғана емес енді жыл бойы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Ермек Кеңесханұлы, кәсіпкер:
- 20 соток жер алып, қонақүйлер, монша халыққа тиімді дүниелер жасасам деп ойластырып жатырмын. Шынымен де біздің мемлекетімізде туризм саласына мән беру қатты жасалып жатыр. Жетісу жер жәннәтында осындай жобалардың болуы құба құп. Үлкен маңызға ие.
Алакөлдің Жетісу облысына қарасты аймағына инфроқұрылым желілерін тарту үшін соңғы үш жылда 60 инвест жоба іске асырылды. Сонымен қатар «Талдықорған-Үшарал» тас жолынан Балқашқа дейінгі аралық кезең кезеңмен жөнделіп жатыр. Биыл оған 30 млрд теңге жұмсалмақ. Одан бөлек өңірдің тағы бір көрікті жеріне жол ашылады.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Орталық Азиядағы ең биік Бұрханбұлақ сарқырамасы осы Қора шатқалында орналасқан. Қазір жергілікті билік оған қатынайтын 56 шақырымдық жолға асфальт салу үшін құжаттарын жобалық сметалық құжаттарын жасатып жатыр. Ауқымды жоба жүзеге асса бұл аймақтағы туризм саласының дамуына тың серпін бермек.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов