Жасөспірімдер арасындағы ұлттық құрама Канвонға аттанды

Қазақстан ұлттық құрамасы Канвондағы қысқы жасөспірімдер олимпиадасына қатысу үшін Оңтүстік Кореяға аттанды.

Елордада Кореяда өтетін 4-ші қысқы жасөспірімдер олимпиадасына отандық спортшыларды шығарып салу рәсімі өтті. Еліміздің көк байрағы шорт-тректен ел чемпионы Ерасыл Шыңғысхан және конькимен жүру спортынан ҚР спорт шебері Кристина Шумековаға табысталды. Айта кетейік Канвон-2024 ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 70 елінен 1800 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Мұнда 7 спорт түрінен 81 медаль сарапқа салынады. Ал біздің құраманың 42 спортшысы биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей сынды спорт түрлерінен бақ  сынайды. Төрт жылдықтың басты бәсекесі 19 қаңтар мен 1 ші ақпан аралығында Каннын қаласында өтеді.

ЦИТАТА

«Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік жылдарында барлық Жасөспірімдер Олимпиадасында 29 медаль жеңіп алды, оның 5-і қысқы Ойындарға тиесілі. Елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Сіздерге алдағы жарыста тек сәттілік тілеймін. Осыған дейін жиған бар шеберліктеріңізді, қабілеттеріңізді паш етіп, жоғары нәтиже көрсетулеріңізге және жеке рекордтарыңызды жаңартуға тілектеспін! Біз сіздерге жанкүйер болып, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге шын ниетпен тілеулес боламыз». 

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі

Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 

Халықаралық дзюдо федерациясы биылғы жылғы спорт кестесін жаңартты. Күтізбеге сәйкес әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 жарысы Алматы қаласынан Астана қаласына ауыстырылды. Татами шеберлерінің бәсекесі мамырдың 10 мен 12 аралығында өтеді деп жоспарланған. Айта кетейік бұл дода биылғы жылы өтетін Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай беретін соңғы Grand Slam жарысы болмақ. Нәтижесінде жауырыны жерге тимеген дзюдошы 1000 ұпайды, 2 ші орын алған 700 , 3 ші орын алған спортшы 500 ұпайды қанжығасына байлайды.

Қоржынға қола медаль түсті 

Стенд атудан Кувейт астанасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Мария Дмитриенко қола жүлдеге қол жеткізді.Ұлттық құрама спортшысы трап бағдарламасының финалында 30 ұпай жинап, 3 ші орынға тұрақтады. Ал Париж олимпиадасының жолдамасы алтын алған Тайбэйлік Ван Ю Лю мен күміс жүлдегер қытайлық Чжан Синьцюге бұйырды. Мария бұған дейін іріктеу ойындарында 117 нысананы дәл көздеп, 1 орынмен ақтық сынға жолдама алған болатын. Сондай ақ стенд ату шебері былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында Даниил Почиваловпен бірге жұптық сында қола медаль жеңіп алған. Содан кейін Ханчжоудағы Азия ойындарында 2 қола жүлдені қоржынымызға салып берді. Айта кетейік Стэнд атудан сары құрлық бәсекесі 22 қаңтарға дейін жалғасады.

Дубайды дүбірлеткен Каверхан   

Дубайда өткен 2000 метрлік ұшқыр бәйгеде қазақ тұлпары алдыңа қара салмады. Бағы мен бабы келіскен Каверхан 13 тұлпарды озып мәреден бірінші болып өтті. Ат иесі Тілек Мұхамбетқалиевтің айтуынша тұлпар елімізге 2021 жылы тайдан құнан шығар шағында келген. Содан бері 10 бәйгеге қосылып оның 9 да топтың алды болды. Тек бүкілресейлік дербиде ғана Херомо атты тұлпардан қалып қалды. Бірақ дәл осы тұлпарды соңғы Дубайда өткен бәйгеде артқа тастады. Енді Каверханның алдында тағы бір бәйге тұр. Сол жерде үздік атанса Бүкіләлемдік кубок үшін бақ сынайды.

Тілек Мұхамбетқалиев, ат иесі:

-  Тұлпарым үшін өте қуаныштымын. Бұл менің ғана қуанышым емес, бүкіл Қазақстанның мәртебесін арттырған жеңіс болды. Өйткені ел болып тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Сондықтан бұл ортақ жеңіс.