Қазақстанда нысана көздеу спорттары қарқынды дамып келеді

Нысана көздеу шеберлері жоспарды асыра орындады.

Қазақстандық спортшылар жыл басынан әлемдік аламандарға тұрақты қатысып, өте жоғары нәтижелер тіркеп жүр. Соның арқасында қазір ұлттық құрама қоржынындағы лицензия саны 5-еуге жетті. О баста 4-еу алуды жоспарлап еді.

Сұрмергендеріміз бұл жетістікке де тоқмейілсіп отырған жоқ. Париж Олимпиадасына дейін тағы 3 жолдама иемденіп, жалпы санын 7-еуге жеткізігісі келеді. Яғни, өзіндік рекорд орнатпақ.

Әлемдік аламанда топ жарды

Қазақ қыз-жігіттері әлемдік аламанда топ жарды. Жуырда ғана Мысыр астанасы Каир қаласында нысана көздеуден дүниежүзілік доданың, яғни әлем кубогының кезекті кезеңі өтті. Оған 66 мемлекеттен 600-ден аса спортшы қатысып, 10 медаль жиынтығын сарапқа салды. Қатысушылар арасында жерлестеріміз де бар және олар 3 жүлде жеңіп алды. Атап айтқанда, стенд атудың трап бағытында қазақстандық Мария Дмитренко ең үздік нәтиже тіркеді. Ол финалда 40 ұпай жинады. Соның арқасында Токио Олимпиадасының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Фатима Галвезді және Токио Олимпиадасының 2 дүркін жүлдегері Алессандра Периллиді басып озды.

Айта кетейік, бұл Марияның алғашқы ірі жеңісі емес. Ол осыған дейін әлем кубогы кезеңдерінде 2 рет алтын, 2 рет күміс және 3 рет қола медаль еншіледі.

 

Қоржынымызға қос қола түсті

Мария Дмитренконың алтынын бөлек, қоржынымызда тағы қос қола бар. Оны пневматикалық тапаншамен нысана көздеу шеберлері әкелді. Атап айтқанда, Ирина Юнусметова 10 метр қашықтықтан ату бойынша үздік үштіктен табылды. Яғни, жекелей сында қола жүлдегер атанды. Артынша дәл осы Ирина Юнусметова жұптық сында да жетістігін қайталады. Ол тағы бір қазақстандық Валерий Рахымжановпен бірге сынға түскен болатын. Ақтық бәсекеде италиялық жұппен жолығып, жеңісті жұлып алды. Соның арқасында кезекті қолға қол созды.

Айта кету керек, Мысырдағы әлемдік аламанда медальдармен қатар рейтингілік ұпайлар да таратылады. Кейін дәл осы көрсеткіш Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынғанда негізге алынады.

Олимпиада демекші, қазір ұлттық құрама қоржынында 5 жолдама бар. Оны Ислам Сәтбаев, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ли және Никита Чирюкин сияқты спортшыларымыз жеңіп алды. Қазақстандық федерация о баста Париж Олимпиадасына 4 лицензия иемденуді көздеген. Бірақ ұлттық құрама спортшылары қазірден-ақ жоспарды асыра орындап отыр. Сәйкесінше енді жолдаманың жалпы санын 7-еуге жеткізу туралы жаңа мақсат қойылды. Егер оны орындай алса, қазақстандық сұрмергендер тарихта алғаш рет 7 спортшымен жазғы ойындарға қатысады. Яғни, өзіндік рекорд болмақ.

 

Париж Олимпиадасына дайындық

Жолдамаға қатысты жағдай түсінікті. Ал Олимпиада медаліне қатысты жоспарды нақты кесіп ешкім айта алмайды. Белгілісі, биыл алтын жүлдеге қол созуға мүмкіндік бар. Біз басқа олимпиадаларға қарағанда бір табан жақын тұрмыз. Оған жоғарыда айтқан спортшыларымыздың нәтижесі дәлел. Егер жерлестеріміз жағы ойында топ жарып жатса, ол тарихи жеңіс болмақ. Өйткені тәуелсіздік алған жылдардан бері насына көздеуден Олимпиада чемпионы шықпады. Ең тәуір көрсеткіш 1996 жылы тіркелді. Ол кезде 2 күміс және 1 алтын жеңіп алған едік. Одан кейін спортшыларымыз 4-ші, 6-шы және 8-ші орындарға тұрақтап жүр. Биыл осы олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз, - дейді қазақстандық федерациясының ресми өкілі Мәлика Ағзамжанқызы.

 

Қазақстандық спортшылардың әлеуеті зор

Алтынға қол созамыз деуімізге тағы бір аргумент қазір Азия құрлығының спортшылары салыстырмалы түрде өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Әсіресе соңғы олимпиаларда алдына жан салмай, жеңіс тұғырына көтерілді. Іріктеу сындарында да сары құрлық өкілдері ең жоғары нәтижелер тіркейді. Осыған қарап, сарапшылар Азиядағы нысана көздеу спорттарының қарқынды дамып жатқанын алға тартады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Жерлестеріміз әлемдік аламандарда оны талай дәлелдеді. Жетістпей тұрғаны жоғарыда айтқан Олимпиада алтыны ғана. Бұған қоса қазір мемлекет тарапынан осы спорт өкілдеріне ерекше басымдық беріліп, керек-жарақпен толық қамтылып жатыр. Бұған қоса шеберліктерін одан сайын шыңдап, тәжірибелерін толыстыру үшін елімізде жыл сайын халықаралық, құрлықтық және әлемдік додалар ұйымдастырылып тұрады. 

 

Лайықты ізбасарлар өсіп келеді

Тек кәсіпқой спортшылардың ғана емес, резервтің де жағдайы жіті назарда. Қазір еліміз бойынша нысана көздеу және стенд ату спорттарымен кәсіпқой тұрғыда 1500-ге жуық жасөспірім айналысады. Олар да ересектер сияқты құрлықтық және әлемдік аламандарға тұрақты қатысады. Бұған қоса елімізде дайындыққа қажетті заманауи инфрақұрылымдар бой көтеріп жатыр. Негізгі базалар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында орналасқан. Бұған қоса нысана көздеу бойынша Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл облыстарына арнайы орталықтар бар. Ал стенд ату бойынша Алматы, Атырау және Қызылорда облыстарында арнайы орындар қарастырып, аталмыш спорт түрінің секциялары жұмыс істейді. Алдағы уақытта осындай жерлерді еліміздің басқа аймақтарында да, оның ішінде жаңадан құрылған облыстардан да ашу көзделіп отыр.