Абат Айымбетов эксклюзивті сұхбат берді
Таяуда ғана Түркияның «Адана Демирспор» футбол командасына мансабын жалғасытруға кеткен Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы Абат Айымбетов телеарнамызға эксклюзивті сұхбат берді.
Ол жаңа ұжым сапында алғашқы ойынын өткізіп те үлгерді. Командасы Түркияның супер лигасында өнер көрсетеді. Қазір Адана турнирлік кестеде 8-ші орынға жайғасқан.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Түркияның Адана Демирспор клубы үлкен жеңістерден үмітті. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы, жерлесіміз Абат Айымбетов «командаға бірден сіңісіп кетті», -дейді клуб басшылары. Өзіне 17 нөмірді таңдап алған. Мансабын шетелдік клубта жалғастыратынын естігенде күллі қазақ жанкүйерлері қуанды. Біз бүгін Абатты іздеп, Аданаға арнайы келдік.
Адана Түркияның шығысында орналасқан ең ірі мегаполис. Сауда және мәдени орталықтардың бірі. Ақ теңіз аймағындағы белгілі футбол клубы қазақстандық шабуылшымен 1,5 жылға және қосымша 1 жыл созуға болатындай келісімге қол қойды.
Абат Айымбетов, «Адана Демирспор» ФК ойыншысы:
- Шетелде жүрген себебім, Қазақстанда көптеген командамен чемпиондық алдым. Өзіме де мотивация керек болды. Ары қарай өсіп, көріп карьерадан кейін бір айтып жүретіндей, өкінбейтіндей. Сол үшін отбасылық шешім болды. Сұхбаттасып, отбасыммен бір шешімге келдік.
Командада әлемге танымал футболшылар көп. Соның ішінде Португалия сапында Еуропа чемпионатын жеңген Нани мен бір кездері Италия футболының жұлдызы болған Марио Балотелли бар.
Абат Айымбетов, «Адана Демирспор» ФК ойыншысы:
- Қазір команда менімен жақсы араласып, менің тілімді білетін ол әзербайжандық қақпашы - Шахруддинов.
Абат ә дегеннен шеберлігімен көзге түсіп үлгерді. Алғашқы ойынға шығып та үлгерді. Гол да салды. Алайда төреші күмәнді шешім қабылдап, допты есепке алмады. Шабуылшымыз келесі ойындарда мергендік танытамын деп отыр.
Абат Айымбетов, «Адана Демирспор» ФК ойыншысы:
- Иә, өкінішке орай, голымды санамай қойды. Бірінші ойында бірінші голымды салып едім. Қатты салғым келген еді. Санамайды қойды. Бірақ басы ащы болса, соңы тәтті болады деп ойлаймын.
Жалпы Түркиялық ұжым биыл Абат қана емес, өзге де мықты ойыншыларды қатарға қосып отыр. Дені ұлттық құрамаларында ойнайды. Қысқы үзіліс кезінде клуб біраз өзгеріс жасап, межелі міндеттерін айқындап алды.
Хикмет Караман «Адана Демирспор» ФК техникалық директоры:
- Алдымен Абатқа алғыс айтқым келеді. Себебі, өте ұзақ жолдан келіп, бір күннен кейін матчқа шықты. Адана Демиспор командасында көптеген өзгерістер бар. Жаңа ойыншылар келді. Бірқатар бұрынғы ойыншылар кетті. Жаңа команда жасақталды. Абат мінезді жігіт. Өте сыпайы. Біздің қақпашымыз - әзірбайжандық. Аудармамен кейде Абатқа көмектеседі. Қазақстанды жақсы білемін. «Астана» командасының және ұлттық құрамаларының қаншалықты мықты екеніне көз жеткізгем.
Отандасымыз ұлттық құраманың алдағы маңызды матчтарын асыға күтіп жүр. Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін бар күш-жігерін салмақ.
Абат Айымбетов, «Адана Демирспор» ФК ойыншысы:
- Жанкүйерлеріме айтарым, көп көп рақмет. Осылай жанкүйер болып жатқаныңызға. Мен осылай ауысып жатыр дегенге қанша поддержка беріп жатыр. Бүкіліне жауап бере алмай жатырмын. Сіздер арқылы алғысымды айтып келеді.
Айта кетейік, Түркия чемпионатында тағы бір қазақстандық өнер көрсетеді. Тараз футболының түлегі Бахтиёр Зайнутдинов «Бешикташқа» ауысқалы жергілікті жанкүйерлер алдында танымал бола түсті. Қос бірдей отандасымыз қазақ футболының деңгейі жоғары екенін көрсетіп, шеберліктерін шыңдап келеді.
Авторы: Меруерт Қанағат