Софияда бокстан Странджа кубогі мәресіне жетті
Дулат жеңді, Санжар жеңілді.
Болгария астанасы София қаласында кіші әлем чемпионаты атанып кеткен «Странджа Кубогы» мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге 10 боксшымыз аттанған болатын. Араларынан екеуі ғана финалға шықты. Әсіресе 67 келіге дейінгілер арасында қазақстандық Дулат Бекбауов қарсылас шақ келтірмеді. Ол ақтық сында Раджат есімді үндістандық боксшымен жолығып, 3:2 есебмен басым түсті. Осылайша Дулат ұлттық құрама қоржынына жалғыз алтынды салды. Жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбайдан да үміт зор еді. Ол да финалға шықты. Бірақ соңғы жекпе-жекте жеңіліп қалды. Санжар тағы бір үндістандық Амит Пангалмен кездескен болатын. Қос мықты арасындағы айқас өте тарысты өтті және төрешілер шешімімен үндістандық боксшы жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 5:0. Санжардың бұл жеңілісін бокс мамандары тіпті сенсацияға балап жатыр. Қалай болғанда да ол ұлттық құрама қоржынына бір күміс салып, жалпы есептегі жағдайымызды жақсартуға айтарлықтай үлес қосты.
Қос қазақ боксшысы жұдырықтасты
Қос қазақ жартылай финалда жолықты. Болгария астанасындағы бокс турнирінде қызықты жағдай орын алды. 80 келіге дейінгілер арасында қос қазақ боксшысы финалдың жолдамасын сарапқа салды. Яғни, қазақстандық Тұрсынбай Құлахмет пен қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан шаршы алаңға шықты. Екеуі де осал емес. Тұрсынбай кәсіпқой бокста өнер көрсетеді. Әуесқойлар арасында Азия чемпионатын және Ислам ынтымақтастық ойындарын ұтқан. Ал Тоқтарбек Азия ойындарының алтыны мен әлем чемпионатының күмісін жеңіп алды. Міне осындай қос мықтының айқасы аса тартысты өтті және нәтижесінде қытайлық қандасымыз төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 3:2. Осылайша Тұрсынбай ұлттық құрама қоржынына 1 қола салды. Қазақстан боксшылары бұл турнирде 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жеңіп алып, жалпы есепте 5-орынға тұрақтады. Топ басында 5 алтынмен Өзбекстан құрамасы тұр. Үздік үштікке Үндістан мен Болгария боксшылары кірді.
Вел Баркер Кубогы қайтарылады
Бақтияр Артаевқа Вел Баркер Кубогы қайтарылады. Олимпиада чемпионының айтулы жүлдесі қазір Халықаралық бокс федерациясы музейінде тұр. Оны Бақтияр 2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында өзі апарып берді. Сол кезде өте сапалы көшірмесі жасалып, кері қайтарылатыны айтылды. Міне, осы уәде араға ұзақ уақыт салып, енді орындалайын деп жатыр. Айта кетейік, Вел Баркер кубогы 1936 жылдан бері әр олимпиадада ең үздік боксшыға табысталып жүр. Яғни 4 жыл сайын қолдан қолға өтіп отырады. Сәйкесінше оның жиегіне жаңа иесінің есімі ойылып жазылады. Міне, осы жүлде 2004 жылы қолдан-қолға өту функциясын тоқтатқан. Яғни одан кейінгі жазғы ойындарда жаңа кубок дайындалып, ең үздік боксшыға табысталатын болды. Ал 90 жылға жуық тарихы бар негізгі кубок Бақтияр Артаевтың еншісінде қалды. Құнды сыйлық арнайы келіссөздерден кейін халықаралық бокс федерациясына берілді. Енді оның көшірмесі алдағы наурыз айында Бақтияр Артаевқа ресми табысталады. Дәл осы уақытта елордада олимпиада чемпионының жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтеді. Айта кету керек, мұндай байрақты бәсеке алғаш ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан сияқты көрші мемлекеттерден 300-ге жуық қатысушы жиналады. Міне, осы тұста Халықаралық бокс федерациясы Бақтиярға ерекше құрмет көрсетпек.
Балалар арасындағы футбол турнирі
Астана Кубогы. Дәл осындай атаумен елордада футболдан балалар арасындағы арнайы турнир өтті. Оған 10 жастағы өрендер қатысты. Дәл осы жас деңгейінің таңдалуы бекер емес. Өйткені бұл жеткіншектер алдағы жылы үлкен футболға аяқ басып, республикалық аладоп аламандарына араласа бастайды. Міне, осындай жауапты жарыстың алдында Астана қаласында ішкі біріншілік ұйымдастырылып, үздік командалар мен үздік ойыншылар анықталды. Оған бас-аяғы 8 команда жиналды. Оның ішінде спорт мектебіне қарасты командалар да, жеке орталықтардың командалары да бар. Нәтижесінде бас жүлде №8 спорт мектебінің балаларына бұйырды. Финалда дәл осы мекеменің қос командасы жолықты. Ал үшінші орынды «Астана» футбол клубының шәкірттері жеңіп алды. Жарыс қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен балаларға "үздік қақпашы", "үздік қорғаушы", "үздік шабуылшы" және "үздік бомбардир" аталымдары бойынша арнайы сыйлықтар да табысталды.
Тәңірберген Мейіркенов, жарысқа қатысушы
Илья Миланыч, №8 спорт мектебінің аға бапкері:
- Бұл турнир балалар үшін де, бапкерлер үшін де үлкен мереке. Өйткені Астана қаласында қыстың қақ ортасында жарыс ұйымдастыру оңай емес. Жергілікті әкімдік осы жабық үлгідегі алаңды жөндеуден өткізді. Соның арқасында енді жыл он екі ай бойы осындай жарыстар жасай аламыз. Ең бастысы, жас футболшылар жайлы да жылы жерде шеберліктерін шыңдап, тәжірибесін толыстыра береді.