Елімізде арқан тартыс федерациясы құрылды
Бұл бағыт тек бізде емес, әлемнің ондаған елінде ресми тіркеліп, кеңінен дамып келеді.
Енді Қазақстанда да пайда болуы бекер емес. Биыл күзде Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қабылдаймыз. Осы тұрғыда көнеден келе жатқан спортымызды жаңғыртып, ел намысын қорғайтын құраманы жасақтауымыз қажет.
Арқан тартыс федерациясы құрылды
Елімізде арқан тартыс федерациясы құрылды. Бұл бағыт әлемнің 75 елінде ресми спорт ретінде тіркеліп, жүйелі жұмыс істеп келеді. Тіпті халықаралық арқан тартыс федерациясы да бар. Оны Халықаралық Олимпиада комитеті таныған. Сәйкесінше бүгінде бұл спорттың тасы өрге домалап тұр. Аталған дода биыл біздің елде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі бағдарламасына енген. Осыған орай енді Қазақстанда да арқан тартыс федерациясы пайда болды. Жаңадан құрылған ұйым алғашқы ресми жарысын да өткізіп үлгерді. Астанадағы орталық аймақтық іріктеуге 8 команда қатысты. Олар ерлер арасында бөлек, әйелдер арасында бөлек бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс ережесі бойынша 1 командада 8 негізгі спортшы және 2 алмастырушы спортшы болады. Ерлер арасында олардың жалпы салмағы 720 келіден аспауы керек. Ал әйелдерде 560 келіден аспауы қажет. Тартысты өткен бәсекелер нәтижесінде ерлер санаты бойынша Ұлытаудан келген жігіттер қарсылас шыдатпай, бірінші орынды жеңіп алды. Ал әйелдер арасында «Астана Барыс» командасы топ жарды.
Қарлығаш Рамазанова, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары:
- Бүгін, міне, Астана төрінде арқан тарту спортынан алғаш рет ресми жарыс ұйымдастырылып жатыр. Енді бұл жарыстың алғысөзіне келетін болсақ, бұл жарысты ұйымдастыру себебіміз, биылғы жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік ойындарының бағдарламасына арқан тартыс ойыны енгізілген болатын. Біздің негізгі мақсатымыз – осы командалардың ішінен ҚР командасын жасақтау.
Жоғарыда айттық, бұл – аймақтық жарыс. Жеңіс тұғырына көтерілген командалар ақтық сынға жолдама алды. Республикалық біріншілік 6-7 наурыз күндері елордада болады. Оған солтүстік, батыс, шығыс және оңтүстік аймақтық іріктеулерінен сүрінбей өткен спортшылар да қатысады. Нәтижесінде білегінің күшімен топтың алды болған жігіттерден ұлттық құрамасы жасақталады. Олар сәуір айынан бастап оқу-жаттығу жиындарына қатысып, күзде өтетін көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.
Нұрсұлтан Есімбай, жарысқа қатысушы:
- Бұл жарыстың барысында өзіміздің өңірімізде өткен жарыстардан өттік. Осы жарыс үшін қаншама артымыздағы команда жетекшімізбен бірге әр жігіттер 5 келі салмақ қудық. Жарыс барысы өте жоғары деңгейде өтті.
Қайрат Нұрымов, Ұлытау құрамасының бапкері:
- Енді біз финалдамыз. Тағы 4 аймақ бар. Сол 4 аймақпен тартыс-таласта финалға шығамыз деп үміттенеміз. Бұл жігіттерді біз іріктеп алып келдік, жаңадан бірінші жарысымыз болғандықтан. Көшпенділер ойынында, Алла қаласа, орын аламыз деген үміттеміз. Өйткені бұл біздің жерімізде болып жатыр. Сондықтан біз орын ала алмай қалсақ, ұят болады.
Мағжан Шамшадин татамиге оралды
Мағжан жарақатынан жазылып, қатарға қосылды. Әлемдік жарысқа қатысатын күні де алыс емес. Дзюдодан ұлттық құраманың негізгі үміті Мағжан Шамшидин туралы жеке бапкері Қален Қалиұлы осындай пікір білдірді. Бұл жайында bassport.kz порталы хабарлайды.
Айта кетейік, Мағжан жарақатына байланысты ұзақ уақыт татамиге шықпады. Десе де ол қазір 60 келіге дейінгілер арасында олимпиадалық рейтингтің 15-ші орнында тұр. Осы тұрғыда көпшілік Елдос Сметовке жол ашу үшін Мағжан Шамшадинді ірі жарыстардан шеттетуде деген болжам айтқан. Бірақ бапкер мұны теріске шығарды. «Ешкім шеттеткен жоқ. Ол жарақатына байланысты үзіліс алды. Шетелде операция жасалды. Оның шығынын Қазақстан дзюдо федерациясы көтерді. Қазір толық жазылып, қатарға қосылды. Әлемдік жарысқа қатысатын күні де алыс емес», - деді жаттықтырушы.
Әлемдік гранд-слэмге дайындық
Ал қалған дзюдошыларымыз әлемдік гранд-слэмге дайындықты пысықтап жатыр. Алдағы күндері 2 бірдей дүниежүзілік дода өтеді. Оның бірін Ташкент, екіншісін Баку қаласы қабылайды. Осыған орай ұлттық командамыз да екіге бөлінді. Елдос Сметов бастаған үздіктер Ташкенттегі додада бақ сындайды. Елдостан бөлек, 60 келіде тағы бір жамбылдық Нұрқанат Серікбаев бар. Бұған қоса тізімге Ғұсман Қырғызбаев, Есет Қуанов, Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов және Абылайхан Жұбаназар сияқты жерлестеріміз кірді. Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева, Есмигул Куюлова және Камила Берліқаштар белдеседі. Байрақты бәсеке наурыздың 1-і мен 3-ші аралығында болады. Ал оған дейін, яғни 16 және 18 ақпан күндері Бакудегі бәсеке өтеді. Оған Жансай Смағұлов, Ермахан Ануарбеков, Еламан Ерғалиев сияқты жерлестеріміз қатысады. Қай-қайсы да ұлттық құрамамыз үшін аса маңызды. Өйткені жарыс жеңімпаздарына рейтингтік ұпайлар таратылады. Кейін Париж Олимпиадасы жолдамалары сарапқа салынғанда дәл осы көрсеткіш негізгі рөлді атқарады.
Қатарынан он бірінші жеңіліс
Қатарынан он бірінші жеңіліс. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» кезекті рет есе жіберіп, жанкүйерлердің көңілін құлазытты. Астаналық команда бұл жолы сырт алаңда «Адмирал» хоккей клубымен кездескен еді. Ресейдің Владивосток қаласында өткен матч 4:2 есебімен аяқталды. Осылайша «Барыс» биылғы маусымда 62 матч өткізіп, 43-інде жеңіліп отыр. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Олег Болякин баптайтын жігіттер алдағы күндері сырт алаңда тағы 2 кездесуге қатысады. Бірақ оның нәтижесі ештеңеге әсер етпейді. Өйткені «Барыс» турнир тізімінің ең соңғы сатысында тұр және плей-офқа шығу мүмкіндігінен айырылды. Бұның алдындағы маусымдарда да елордалық клуб негізгі чемпионаттан аса алмай, алдына қойған тапсырманы орындамады. Яғни үмітті ақтамады.