Думан Бейсенаев Италияда өтетін шаңғы марафонына аттанды
Жалғыз өзі ел намысын қорғайды.
Қазақстандық Думан Бейсенаев Италияда өтетін шаңғы марафонына аттанды. Байрақты бәсеке жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады және 5 мыңнан аса адамның басын қосады. Айтулы аламанға 40-қа жуық елдің өкілі қатысады. Араларында жалғыз қазақ жігіті бар. Ол - Думан Бейсенаев.
Айта кету керек, Думан осылай Финляндия және Эстонияда өткен додаларға да жалғыз өзі барды. Ерекшелігі сол – бір адам болсын қатысса да, жарыс алаңына сол елдің туы тігіледі. Ең негізгі миссиям осы дейді шаңғышы. Тағы бір айта кетерлігі, ол жаттығуға және жарысқа қажетті қаржыны өз қалтасынан шығарады. Яғни бюджеттен 1 теңде де алмайды. Италияға сапары барысында арнайы семинардан өтіп, қысқы спорттарды, оның ішінде шаңғы спортын дамыту бойынша арнайы білім алмақ. Бұған қоса, Кәрі Құрлықтың халықаралық талаптарға сай базаларын көреді. Сол жақта жергілікті спортшылармен жаттығу жасайды. Артынша жоғарыда айтқан әлемдік аламанға қатысып, жүлдеге қол созып көреді.
Айта кетейік, осыдан бірер ай бұрын арнамыздан Думан туралы сюжет көрсеттік. Қарқаралының қазағы өзінің туған жерінде шаңғы базасын қалыптастырсам деп шапқылап жүр. Осы мақсатта балалардың секциясын ашып, шәкірт тәрбиелеуді бастап кетті. Енді Италияда білген-түйгенін елге әкеліп, Қарағанды облысының төріндегі шаңғы базасын жетілдіруге және болашақ чемпиондарды даярлауға қолданбақ.