Ақмола облысында 16 мыңнан астам жасөспірім ұлттық спорт түрлерімен шұғылданады

 

Балалар арасында қазақ күресіне қызығушылық жоғары.

Мысалы, Макинка ауылында «Мектеп барысы» жобасы бар. Оқушылар түрлі деңгейдегі турнирлерде топ жарып жүр.

Макинка ауыл мектебінде елуден астам оқушы қазақ күресімен айналысады. Мектеп табалдырығын енді аттаған балдырғандар күрестің қыр-сырын меңгеруге кіріссе, жоғары сыныптағылар үлкен додаларда топ жарып жүр. Жас балуандардың айтуынша, бұл спорт бойға қуат, білекке күш береді.

Ерасыл Ержанұлы, оқушы:

- Қазақ күресі адамның деңсаулығын нығайтады, күш беріп, шымырлықты шыңдайды. Қазақ күресі ата-бабамыздан қалған спорт түрі. Қазір Қазақстан бойынша емес, әлем бойынша да дамып жатыр.

Макинка ауылының маңындағы төрт-бес ауылдың балалары да қазақ күресімен шұғылданады. Жаттықтырушы Асылмұрат Қуаныштың айтуынша, күрес оқушылардың деңсаулығын нығайтып, шыңдай түседі. Ұстаздың басты арманы – «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазын дайындау. Үміт күттіретін жас балуандар баршылық - дейді тәлімгер.

Асылмұрат Қуаныш, жаттықтырушы:

- Біздің өңірде Балуан Шолақтың ұрпақтары бар. Осы жасөспірімдер кім екенің біледі, ата-бабалары қандай күреспен айналысқанын. Қажымұқан атамызды біледі, балалар соның кітабын оқып, сол кісінің тарихын оқып, сондай жетістікке жетеміз деп, алдына мақсат қойып отыр. Балалар өздерін өте жақсы тәрбиелеп, ата-бабаларымыз сияқты батыр болғымыз келеді деп жақсы деңгейде айналысып келе жатыр.

Жас балуындар қатары жыл сайын көбеюде. Ал тұрақты жаттығу өткізіп, балаларды жарыстарға дайындау үшін үлкен күрес залы қажет, дейді бапкерлер. Биыл ауылда спорт кешені салынады, -дейді жергілікті билік өкілдері. Жалпы, өңірде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Қазіргі таңда 16 мыңнан астам оқушы мен жастар қазақ күресі, көкпар, теңге алу, асық ату, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерімен айналысып жүр.

Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный