Әбиба әлі де мықты, Еленаға ем керек

«Ордабасы» Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының қысқы кубогын жеңіп алды.

Шымкенттік команда финалда қостанайлық «Тобылдан» басым түсті. Түркияның Белек қаласында өткен кездесу тең нәтижемен аяқталды. Яғни негізгі уақытта да, қосымша уақытта да есеп ашылған жоқ. Ал матч соңындағы пенальти сериясында «Ордабасы» алға шықты.

Жеңімпаз командаға 60 млн теңге, ал «Тобылға» 40 млн теңге табысталды.

Wta 1000: Рыбакина жарыстан шығып қалды

Дубай қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир жалғасып жатыр.

Қазақстандық Елена Рыбакина бұл жолы италиялық Жасмин Паолинимен жолығып, жартылай финал жолдамасын сарапқа салуы қажет еді. Алайда жерлесіміз аяқасты сырқаттанып, кордқа шығудан бас тартты.

Осылайша Жасмин автоматы түрде келесі кезеңге өтті. Ал Еленаның денсаулығына байланысты Қазақстан теннис федерациясы мынадай түсініктеме берді.

Қатарынан 3 турнирде өнер көрсету оңай емес. Ағза әбден шаршағандықтан, жарақат алып қалды. Барлығы ойдағыдай болса 6 наурызда болатын Индиан-Уэллс және 19 наурызда болатын Mайами Mастерске қатысады. Ал жылдың басты жарысы, әрине, Парижде өтетін олимпиада ойындары. Еленаның бірер аптада сауығып, қатарға қосылуына тілекшіміз, – деді федерацияның баспасөз хатшысы Асқар Ағатаев.

Расымен де, қазір Рыбакинаның физикалық жүктемесі өте үлкен. Ол жыл басынан рейтингілік 5 турнирге қатысып үлгерді. Оның екеуінде топ жарды. Яғни бас-аяғы 20 матч өткізіп,17-сінде жеңіске жетті. Соның арқасында әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартып, 4-орыннан 2-орынға көтерілді.

Ел үздіктері анықталды

Қостанайда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

Соңғы жарыс күні жоғары салмақтағы жігіттер сынға түсті.

Атап айтар болсақ, 96 келіге дейінгілер арасында Сергей Петрович топ жарды. Ақмола облысының спортшысы қоссайыс қорытындысы бойынша 335 келіні бағындырды. Енді ол сәуір айында Таиландта өтетін әлем кубогына қатысады.

Бұл жөнінде республикалық спортты дамыту дирекциясы мәлімдеді. Сол сында, яғни  Тайландтағы дүниежүзілік додада Париж олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынады. Қазір жерлесіміз Азия құрлығының рейтингінде бірінші орында тұр. Жолдама алуға мүмкіндігі мол, – дейді мамандар.

Таиландтағы жарыста қиын болатынын түсінемін. Шешуші бәсекеде бәрі барын салады. Бұл қатарда мен де бармын. Лицензия жеңіп алып, Олимпиадада ел намысын қорғағым келеді, - деді Сергейдің өзі.

Ішкі біріншілікке қайта оралсақ, 102 келіде қарағандылық Кирилл Староверкин, ал 109 келіде алматылық Сұлтан Мейрам жеңіске жетті. Аса ауыр салмақта Шығыс Қазақстандық Иван Голушконың бағы жанды.

Жалпы командалық есепте Жетісу облысының ерлер және әйелдер құрамасы бірінші орын алды.

Ә. Әбужақынова: Жарыстан бас тарта алмаймын

«Жарақатым бар деп, жарыстан бас тарта алмаймын». Дзюдодан ұлттық құраманың үздігі Әбиба Әбужақынова әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты түсінік берді.

Айта кетейік, бірер күн бұрын ол ауыр жарақатпен күресіп жүргендігі белгілі болды. Тіпті иығының еті сөгіліп, сіңірі жыртылған. Сәйкесінше, операция жасату керек деген де ақпарат тарады.

Сұхбатымда иығыма толық емес, 20 проценттей ем қажет екенін айттым. Кез келген спортшыда ұсақ жарақаттар болады. Оның қалыпқа келуіне ұзақ уақыт керек. Бірақ біз ұсақ жарақатым бар деп, жарыстардан бас тарта алмаймыз. Ташкентке де мені ешкім сүйрелеген жоқ. Барлық бәсекеге өз еркіммен барамын және аса жауапкершілікпен дайындаламын. Алда Олимпиада ойындары - дейді Әбиба жеке парақшасына қалдырған жазбасында.

Айта кетейік, ол қазір ұлттық құрамамен бірге Өзбекстан астанасында жаттығып жатыр. Бірер күннен кейін сол жердегі әлемдік гранд-слэмге қатысады.

Әбиба Әбужақынова жыл басынан бері осындай 2 жарысқа қатысып, екеуінде де жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, алдымен Португалиядағы әлемдік гран-приде, артынша Әзербайжандағы әлемдік гранд-слэмде қола жүлдегер атанды. Қазір халықаралық дзюдо федерациясының рейтингінде 48 келіге дейінгілер арасында 6-шы тұр. 

Ұлттық құрама Алматыда ойнайды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы қарсыластарын Орталық стадионда қабылдайды. Оның ішінде Ұлттар лигасының топтық кезеңдегі іріктеу матчтары да бар.

Магомед Адиев шәкірттері бұған дейін ресми ойындарын Астана-аренада өткізіп, жасанды алаңға әбден төселіп алған еді. Алайда еліміздің басты стадионы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалды. Қазір елордадағы кешенді Көшпенділер ойындарына дайындап жатыр.

Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша Алматының орталық стадионы ғана халықаралық талапқа сай келеді.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттар лигасында Норвегия, Словения және Австриямен ойнайды. Алғашқы матч 6 қыркүйекте Холланд бастаған Норвегияға қарсылас болады.