Париж Олимпиадасы: қоржынымызда 19 лицензия бар
Париж Олимпиадасына 5 айға жетер-жетпес аралық қалды.
Жоғары жетістіктер – спорты үшін бұл өте қысқа уақыт. Өкініштісі сол, ұлттық құрама қоржынындағы лицензия саны аз.
Жалпы биыл санға емес, сапаға басымдық береміз, – деп отыр спорттың басы-қасындағылар. Әріптесім Аслан Қаженов күні кеше Олимпиадалық штабта болып, дайындық барысын біліп қайтты.
Париж Олимпиадасына дайындық
Ұлттық құрама қоржынында қазір 19 лицензия бар. Бұл – салыстырмалы түрде өте төмен көрсеткіш. Мәселен, Токио Олимпиадасына осынша аралық қалғанда кемі 30 жолдамамыз болған. Ал Париж Олимпиадасына қазақстандық қыз-жігіттер 19 жолдама ғана жеңіп алды. Олар 8 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Жазғы ойындарға дейін жолдаманың жалпы санын 70-тен асыру көзделеді. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді. Қазір ұлттық команда өкілдері әлемнің түкпір-түкпірінде лицензиялық және рейтингілік жарыстарға қатысып жатыр. Қалғандары жоспарға сәйкес жаттығу жиындарын пысықтап жатыр. Мемлекет тарапынан барлық қолдау қарастырылған және дайындыққа қатысты пайда болған проблемалар арнайы штабта жан-жақты талқыланып, қысқа аралықта реттеліп отырады, – деді ведомство басшысы.
Париж Олимпиадасының бойтұмары табысталды
Париж Олимпиадасының ресми бойтұмары Қазақстанға келді. Жазғы ойындардың естелік белгісін Францияның еліміздегі елшісі Дидье Канесс Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа табыстады. Кездесуде алдағы Олимпиада ойындарына әзірлік барысы сөз болды. Кейінгі жылдары Қазақстан Франциямен спорт саласында екіжақты байланысты нығайтуға ниетті. Министр Алматы облысындағы дайындық базасында бірлескен жаттығу жиындарын өткізуді ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан мен Франция арасындағы туристік ағымды одан әрі ұлғайту үшін тікелей рейстерді іске қосу және жерлестерімізге туристік визалар беру рәсімін жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды алға тартты. Ал екінші тарап өз кезегінде Париж Олимпиадасына қатысты пайда болған кез келген мәселені жедел шешуге және алдағы уақытта алдын алуға барынша көмектесетінін жеткізді. Сонымен қатар Франция елшілігі Олимпиада мен Паралимпиада ойындарын кеңінен насихаттау үшін елімізде бірқатар шараны өткізуді жоспарлап отыр. Осы тұрғыда бірлесіп жүзеге асыру жөнінде ұсыныс тастады.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Бұл – өте маңызды кездесу. Өйткені Олимпиада ойындары қарсаңында бірлесіп талқылайтын мәселе көп. Оның ішінде спортшыларды аккредиттеу, жеткізу, орналастыру сияқты түйткілдер бар. Біз оның барлығын қазірден реттеп қоюымыз керек. Ең бастысы, ел намысын қорғайтын спортшылар ешқандай кедергіге тап болмай, ойдағыдай өнер көрсетуі керек.
Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Олимпиада ойындары тек спорт саласында емес, барлық саладағы ынтымақтастықты арттыруға көмектеседі. Сондықтан мұндай басқосулардың Қазақстан үшін де, Франция үшін де маңызы зор. Айтпақшы, осында каратэ және дзюдо спорттарында француз мамандар жұмыс істейді. Олар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Алдағы уақытта осылай тәжірибе алмасып, жарқын жеңістерге жете береміз деген үміттемін.
Жалпы есепте екінші орындамыз
Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын жүзу шеберлері дәл қазір Филиппин елінде шеберлік шыңдап жатыр. Ол жақтағы су спорты түрлерінен Азия чемпионатында жерлестеріміз өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Мәселен, бүгінге дейін ұлттық құрама спортшылары 36 медаль жеңіп алды. Оның 20-сы алтын. Әсіресе күні кеше Әділбек Мусин, Ксения Игнатова, София Сподаренко және Диана Тасжановалар жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кету керек, осы Азия чемпионаты барысында қазақстандық қыз-жігіттер 14 мәрте құрлықтық рекордты жаңартты. Соның арқасында жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Топ басында 36 алтын жеңіп алған Жапония құрамасы тұр. Мұның барлығы – тек қашықтыққа жүзу бойынша жарыстардың нәтижесі. Енді бүгін суға секіру бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Одан кейін көркем жүзу және су добы бағыттарында үздіктер анықталады. Нью-Кларк-Сити қаласындағы құрлықтық дода 9 наурызға дейін жалғасады.
Илья Гусаков, жүзу бойынша ұлттық құраманың бас бапкері:
- Жарыс алдында қойған мақсаттарымызға толық қол жеткіздік. Ұлттық құрама өкілдері жақсы өнер көрсетті. Мұнда негізгі құрамадан бөлек, жастар мен жасөспірім командаларын да алып келдік. Олар да тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Яғни лайықты ізбасарлар өсіп келеді.
Бүгін лицензиялық турнир басталады
Ал боксшылар 3-4 лицензия әкелуі керек. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері бүгін жолдамаға таласты бастайды. Париж Олимпиадасының лицензиялары Италияның Бусто-Арсицио қаласында сарапқа салынады. Мырзағали Айтжанов баптайтын ерлер құрамасы Түркістан облысында жаттығуды пысықтап, күні кеше кәрі құрлыққа аттанады. Ал Шәміл Сафиуллин жаттықтыратын қыздар құрамасы жарыс өтетін жерге бір апта бұрын жетті және сол жақта басқа елдің командаларымен бірлескен дайындық жүргізді.
Айта кетейік, ұлттық командамыздың қоржынында қазір 2 ғана жолдама бар. Оны өткен Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова жеңіп алды. Енді жерлестеріміз қалған 11 салмақта жолдамаға қол созуға тырысады. Ел намысын қорғайтын спортшылар арасында 5 бірдей әлем чемпионы бар.