Елордада боччадан республикалық жарыстың жеңімпаздары марапатталды
Астанада боччадан республикалық жарыстың жеңімпаздары марапатталды.
Ашық турнирге еліміздің 10 аймағынан 70 спортшы қатысты. Тартысты бәсеке Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналды. Ол осы спорт түрінен Қазақстандағы тұңғыш жаттықтырушы.
Жетісу өңірінен келген Қуаныш Асқарбеков жалпы командалық және жекелей сында бірінші орынға ие болды. Ол осы спорт түрімен 1 жыл бойы айналысады. Соған қарамастан, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып үлгерді. Арманы параолимпиада ойындарында ел намысын қорғау.
Қуаныш Асқарбеков, боччадан ұлттық құрама мүшесі:
- Республикадан бастап Азияны жеңгім келеді. Мирды жеңгім келеді және параолимпиадаға барып, осы боччада өз атымды қалдырғым келеді.
Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир осымен үшінші жыл қатарынан өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар үшін елішілік жарыстың маңызы жоғары. Яғни Ұлттық құраманың кәсіби деңгейін арттыруға, параспортшыларды ынталандыруға мүмкіндік зор.
Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы:
- Бочча спорт түрі параолимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан халықаралық, республикалық жарыс әр спортшыға үлкен мүмкіндік береді. Енді әр облыста осындай жеке бочча спорт түрінен федерация болса, өңір спортшыларының мүмкіндігі көбірек болады.
Сенат төрағасы әрі бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев жарыстың жабылу салтанатына қатысып, жүлдегерлерді құттықтады. Инклюзивті саясаттың нәтижесінде мүгедектігі бар жандардың мүмкіндігі молайып, тең құқығы қалыптасып келе жатқанын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Біз ерекше спортшыларды даярлау және жаттықтырушылар құрамын күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Бұл істе өңірлерге басымдық берілетінін атап өткен жөн. Біз бочча спорт түрін дамытудың негізгі екі бағытын белгілеп алдық. Біріншіден, әлеуеті жоғары параспортшыларды қолдаудың және олардың ірі халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Екінші перспективалық бағыт – «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасы.
Боччадан республикалық ашық турнир үш күнге созылды. Алғаш рет еліміздің 10 өңірінен келген 70 қатысушы жеке жарыстармен қатар командалық және жұптық сында бақ сынады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрғали Мамырбаев