Италияда алғаш рет қос қазақ боксшы жұдырық түйістірді
Қос қазақ қолғап түйістірді.
Италиядағы лицензиялық турнирде алғаш рет қазақ бокс мектебінің өкілдері кездесті.
Яғни 51 келіге дейінгілер арасында Сәкен Бибосынов пен Азат Махметов жұдырықтасты. Айта кетейік, Азат бүгінгі таңда Бахрейн атынан сынға түсіп жүр. Ол бұған дейін 2 мәрте Қазақстан чемпионы болды. «Астана арландары» сапында да өнер көрсетті. Кейін азаматтығын ауыстырды. Ал Сәкен Бибосынов қазір осы салмақта еліміздің үздігі. Әлем чемпионы әрі олимпиада жүлдегері. Қос мықты арасындағы айқас өте тартысты өтті және нәтижесінде төрешілер шешімімен Сәкен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 4:1. Сәкен бұған дейін Гонконг және Кения өкілдерін де айқын басымдықпен ұтқан болатын. Соның арқасында лицензиялық турнирдің ширек финалына шықты. Жерлесіміздің кезекті қарсыласы да белгілі. Яғни ол енді Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері ұлыбританиялық Киаран Макдональдпен жолығады. Жеңіске жеткен тарап олимпиада жолдамасын алады. Ал Азат үшін мамыр айында тағы бір мүмкіндік бар. Ол Таиландта өтетін соңғы лицензиялық жарыста бақ сынайды.
100 проценттік көрсеткіш. Бокстан лицензиялық турнирдің кезекті күні ұлттық командамыз үшін өте сәтті өтті. 1/8 финал аясында шаршы алаңға шыққан 5 жерлесіміздің 5-еуі де жеңіске жетті. Жоғарыда ең жеңіл салмақтағы Сәкен Бибосыновтың Бахрейн атынан шығып жүрген Азат Махметовтан басым түскенін айттық. Ал 57 келідегі Махмұд Сабырхан Пуэрториколық Калеб Тирадоны ұтты. Қорытынды есеп: 5:0. Айта кету керек, Тирадо өз елінің 12 дүркін чемпионы. Ауыр салмақтағы Нұрбек Оралбай Беларусь боксшысы Алексей Алферовты, ал орта салмақтағы Асланбек Шымбегенов Түрікменстан боксшысы Байрамдұрды Нұрмұхаммедовты жеңді. Айта кету керек, соңғы кездесулер оңай болған жоқ. Төрешілер 3:2 деген ұпай берді. Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова кезекті кездесуінде оңтүстік кореялық спортшыны жеңіп, ширек финалға шықты. Италиядағы турнирге бас-аяғы 11 боксшымыз аттанған. Оның 7-еуі жарысты жалғастырып жатыр. Барлығы да бүгін соңғы айқастарын өткізеді және соның нәтижесінде Париж олимпиадасының жолдамалары таратылады. Айта кетейік, қазір қоржынымызда жазғы ойындардың 2 лицензиясы ғана бар. Оны былтырғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова жеңіп алды.
Асланбек әрең жеңді. Ұлттық команда капитаны Асланбек Шымбергеновтың соңғы жекпе-жегіне қатысты осындай баға беріліп, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Жерлесіміз Италиядағы лицензиялық турнирдің іріктеу кезеңінде Түрікменстан өкілі Байрамдұрды Нұрмұхамедовпен жұдырықтасқан болатын. Шымбергенов бірінші раундта сөзсіз алға шыққанымен екінші және үшінші раундта қарсыласы өте ширақ қимылдады. Кездесуден кейін төрешілер 3:2 есебімен жеңісті қазақ боксшысына берді. Қалай болғанда да Асланбек ширек финалға шықты. Енді ол 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері әзербайжандық Вархан Әлиевпен қолғап түйістіреді. Егер кезекті рет жеңіске жетсе, Париждегі жазғы ойындарға қатысады. Айта кетейік, Асланбек осы жолдаманы былтырғы Азия ойындарында ала алмады. Жекпе-жектен кейін төрешілер шешіміне наразы болып, тіпті ұйымдастырушы тарапқа шағым да тастаған болатын.
Головкин ұлттық құрамамен кездесті. Қазақстан олимпиадалық комитетінің президенті күні кеше Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирге арнайы барып, ел намысын қорғап жатқан қыз-жігіттермен бейресми форматта жолықты. "Мен де кезінде сіздердің орныңызда болдым. Қазір әрқайсыңызда үлкен жауапкершілік тұр. Міне, осыны дұрыс түсіну қажет. Шаршы алаңда үш раунд бойы бар күшті салып, мүмкіндікті жібермеу керек. Қазақ боксы әлемдегі ең мықты мектеп саналады. Аталмыш дәстүрді жалғастыру үшін аянып қалмайық. Біз бәріміз бір командамыз!" - деді Головкин. Кейін ол жарыс өтіп жатқан алаңда болып, жерлестерімізге қолдау танытты. Бұл Геннадий Головкиннің ұлттық олимпиадалық комитет президенті қызметіне сайланғалы бергі алғашқы сапары.