Ел көлемінде бәйгеден 41 жарыс өткізіледі
Бәйге – ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздысы.
Қазақ бар жерде жылқы, жылқы болған жерде бәйге бар. Өткен тарихқа көз жіберсек, үлкен ас-тойларда ұзақ қашықтыққа жүйріктер жіберіліп, бәйге дәстүрі үнемі жаңғырып отырған. Мысалы, Ереймен өңірінде өткен Сағынайдың асы, Торғай өңірінде өткен Бектас байдың асы үлкендерің сөзінен үзілмейтін. Бүгінгі күні төл өнеріміздің даму бағыты қандай?
Жанына халқымыздың жылқы жаққан, жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан... Иә, тарих беттерінде жылқы жайлы сөз қозғап, өлең жазбаған ақын кемде-кем. Керімсал кербез жануарға қараған қай адамның да шабыты ашылары анық. Жылқы мен бәйге – егіз ұғым. Ат ұстаған әрбір адамның бәйге десе елеңдейтіні тағы бар. Жүйріктігімен жадыда жатталатын жайсаң жануарлар жарысы бүгінде қарқынды дамып келеді. Атбегілік өнерді зерттеуші Ержан Жаубайдың айтуынша, оған себеп – елдегі бәйгенің көптігі.
Ержан Жаубай, Argymaq.kz сайтының бас редакторы:
- Бәйгеге келер болсақ, бұл – қазақтың рухани, мәдени, ұлттық болмысын танытатын ерекше өнерінің бірі. Жалпы Қазақстан бойынша бәйге өте жақсы дамыған, оны мемлекет болсын, Ұлттық спорт қауымдастығы болсын, қаржы бөлмесе де, көңіл бөлмесе де, бәйге өз деңгейінде дамып жатыр. Өйткені ол – қазақтың жан дүниесімен біте қайнасып кеткен өнер. Ел көлемінде той-томалақта, тіпті топырақты өлімде де, ас берген кезде де бәйге шаптырады.
Иә, елде азаматтар өз қалтасынан ақша шығарып өткізетін бәйге көп. Десек те мемлекет тарапынан да қолдау бар. Биылғы жылы ел көлемінде 41 жарыс өткізіледі деп жоспарланған. Арасында ел чемпионатының 6 іріктеуі бәсекесі бар. Оның біреуі 8 наурыз күні Шымкент қаласында өткізіліп қойды. Оған желмен жарысқан 80-нен аса жүйрік қатысып, құнан, топ, аламанда өзара мықтыны анықтады. Енді іріктеу чемпионатының 2 туры 22 наурыз күні Алматы қаласында өтеді.
Алтай Бимен, республикалық «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры:
- Жалпы күнтізбеде 41 жарыс тұры бізде. Оның ішінде, өздеріңізге белгілі, Көшпенділер ойыны және маусым айында өтетін ұлттық спорт түрлерінен жастар ойындары. Сол іріктеу кезеңдерінің 2-ші туры Алматы қаласындағы Көкбастау ипподромында өтеді. Ол кезде 4 дисциплинада, яғни құнан, топ және аламан, ұлы аламан қашықтықтары бойынша 4 бәйге өтеді. Ол жерге қазірдің өзіңде 70-ке жуық қатысушы өтінім білдірді, 100-ге жуық спортшы қатысады деп күтіліп отыр.
Іріктеуден іркілмей өткен жүйріктер қазаң айында өтетін ҚР чемпионатының финалында бақ сынайды. Сондай-ақ іріктеудегі нәтиже бойынша күзге салым өтетін Көшпенділер ойындарына құрама жасақталады. Дәл осы бәсі биік бәсекеде спорттың 20 түрінен 120 медаль сарапқа салынбақ. Соның ішінде бәйге – өзгелерден озық, қоржынға көптеп алтын салуға үмітті спорт түрі. Аламанға ат жарату оңай жұмыс емес, әрине. Десек те қанында қазақылық бар бапкерлер жанкүйерін жерге қарата қоймасы анық.
Авторлары: Әлішер Әли, Ержан Рахманбердиев.